Тупак Шакурдың өліміне қатысты іс: 30 жылдан кейін айыпталушы 40 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы сот 1996 жылы әйгілі рэпер Тупак Шакурдың өліміне қатысты іс бойынша 63 жастағы Дуэйн «Киффи Ди» Дэвисті 40 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды BBC.
Сот үкімі 13 қазанда жарияланды. Бұған дейін, тамыз айының соңында алқабилер Дэвисті бірінші дәрежелі кісі өлтіру қылмысына кінәлі деп таныған.
Үкімді жариялаған судья Карли Кирни айыпталушының өткен өмірін артта қалдырғаны туралы уәжін қабылдамады.
– Үш жыл бойы сізден бір сөздің түрлі нұсқасын естідім: «Иә, мен бұған қатыстым. Бірақ қазір басқа адаммын. Өткенімді артта қалдырдым. Комптоннан кеттім. Қазір атамын». Алайда сіздің біреуді отбасынан айыруға, оның өмірі мен болашағын тартып алып, ештеңе болмағандай кете беруге құқығыңыз жоқ, – деді судья.
Тупак Шакурға 1996 жылғы 7 қыркүйекте Лас-Вегаста оқ атылған. Рэпер музыкалық продюсер Мэрион «Шуг» Найтпен бірге көлікпен клубқа бара жатқанда, жанынан өткен басқа автомобильден оқ жаудырылған.
Ауыр жарақат алған музыкант 13 қыркүйекте көз жұмды. Ал жанында болған Шуг Найт аман қалды.
Дуэйн Дэвис осы қылмысқа байланысты жауапқа тартылған жалғыз адам болды. Прокуратураның мәліметінше, басқа адамдарға айып тағуға жеткілікті дәлел жоқ. Рэперге оқ атылған көлікте болған деген тағы үш адам қайтыс болған.
Дэвис кезінде South Side Compton Crips қылмыстық тобының жетекшілерінің бірі болған. Ал Шуг Найт пен Тупак келісімшарт жасасқан Death Row Records компаниясы қарсылас Mob Piru Bloods тобымен байланыста болған.
2019 жылы жарық көрген естеліктер кітабында Дэвис Тупактың өзінің жиені Орландо Андерсонмен төбелескенін жазған. Сондай-ақ рэперге оқ атылған көлікте болғанын және қылмысқа пайдаланылған тапаншаны өзі бергенін мәлімдеген.
Алайда 2023 жылы қамауға алынғаннан кейін ол кітаптағы мәліметтерден бас тартып, естеліктерін ақша мен танымалдық үшін жариялағанын айтқан.
– Сіздер оқып отырған кітап – шындық емес, ойдан шығарылған дүние. Бірақ айыптаушы тарап оны мойындау ретінде қабылдатқысы келеді, – деді Дэвистің адвокаты Майкл Санфт сотта.
Соған қарамастан, алқабилер оны қару қолдану арқылы бірінші дәрежелі кісі өлтіруге кінәлі деп таныды.
Осы бап бойынша ең ауыр жаза – мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру.
Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында рэпер Эльдар Мұратовты өлтірген продюсер Иван Зырянов 6,5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Музыкант eL'nix лақап атымен өнер көрсеткен.