«Тур Алматы-2017»: Алексей Луценко бірінші кезеңінде жеңіске жетті
Алғашқы кезеңде қазақстандық Алексей Луценко 3 сағат 49 минут 51 секунд уақытпен алғашқы болып мәре сызығын кесті.
Екінші орында француз Реми Ди Грегорио Луценкодан 19 секундқа кешігіп жетті. Үшінші орынға ирандық спортшы Мирсамад Пурсейедиголахур (+21 секунд) табан тіреді.
Жарыстың алғашқы кезеңінде велошабандоздар Төле би, Фурманов, Сатпаев, Абай, Шығыс Айналма Жолы, Әл-Фараби, Саин, Момышұлы, Рысқұлов, Ақын Сара көшелерімен 172,1 шақырым жүріп өтіп, «Алматы Аренасында» жарысты аяқтады.
1 шеңберден соң 5 спортшы топтан ажырап қалып, дистанциядан қалып қойды.
Қаланың орталығындағы айналымдардан соң 9 спортшы өзгелерден қара үзе бастады.

Олардың ішінде 3 шабандоз «Аstana» велокомандасының мүшелері - Данил Фоминых, Дмитрий Груздев пен Бахтияр Кожатаев.
Алайда екінші айналымда негізгі топта украиналық «Гольс», Минск Велоклубы, Латвия ұлттық құрамасы қашықтықты жақындата түсті.
Мәреге 80 шақырымдай қалғанда негізгі топтан Алексей Луценко бастаған бірнеше шабандоз ажырай бастады.
40 шақырымдай қалғанда топ жарғандардың арасында Луценко мен 3 қазақстандық спортшы, 4 шетелдік спорты болды.
20 шақырым қалғанда көшбасшы топта 5 спортшы қалды.
17,7 шақырым қалғанда А.Луценко өзгелерден қашықтықты ұзата бастады. Осылайша ол мәре сызығын бірінші болып кесті.
Үздік бестікке сондай-ақ, қазақстандық Бақтияр Қожатаев, итальяндық Альберто Чеккин кірді.
Жарыстағы негізгі топ Луценкодан соң 1 минут көлемінде жетті.
Веложарыстың екінші кезеңі ертең «Халық Арена» ғимаратында басталады және «ШАЖ-Әл-Фараби» маршрутымен Тұңғыш Президенттің саябағынан «Медеу» тау шаңғысы курортына дейін жалғасады.
