«Тур Алматы-2017» веложарысы басталды
Дүбірлі додада 17 елден 20 команда бақ сынап жатыр.
«Тур Алматы-2017 қалада 5-рет өтіп жатыр. Бұл жарыстың жаңа форматы елдегі велоспорттың едәуір дамығанын көрсетіп отыр. Өткен жылы жарыс көпкүндік болады деп едік. Айтқанымыздай биыл UCI халықаралық велосипедшілер одағы мақұлдап, екі күндік жарысты аштық. «Тур Алматы-2017» көпкүндігі алдындағы жарыстардың барлығының жақсы нәтижесін көрсетсе керек», - деді Қазақстан велосипед спорты федерациясының вице-президенті Аманбек Кульчиков.
Оның айтуынша, биыл Алматы турына қатысуға өтініш білдірген командалардың саны өте көп. Ұйымдастырушылар тегеуіріні мықты «Аstana» командасына төтеп бере алатын кіл мықтыларды іріктеп алды.
Турдың ерекшелігі - бұл көп күндік веложарыс мәртебесінде алғаш рет өткізілетін болады. Жарыс екі кезеңнен тұрады. Сонымен қатар, жарыстың екі күндік форматы спортшыларға Азия чемпионатында және Олимпиада ойындарында одан әрі біліктілігін алу үшін көп ұпай жинауға мүмкіндік береді.
Байқаудың бағыты таудың беткі жағында орналасады: «Алматы туры» бірінші кезеңі ҚБТУ ғимаратының жанында басталады, қатысушылар Төле би, Фурманов, Сәтпаев, Байзақов, Абай және Желтоқсан көшелерінің бойында «қала шеңберін» айналады. Бірінші кезеңнің аяқталуы Алматы аренасының аумағында орналасады. Ертең жарыстың екінші кезеңі басталады.