«Тур де Франс» көпкүндігі мәреге жақындады
АЛМАТЫ. 21 шілде. ҚазАқпарат - Францияда биыл 99-шы рет өтіп жатқан «Тур де Франс» көпкүндігі 22 шілде күні аяқталады.
30 маусымда басталған бұл дүбірлі додада қазір Қазақстанның «Astana Pro Team» командасы 18 турдың қорытындысы бойынша «RadioShack-Nissan», «Sky Procycling», «BMC Racing Team» командасынан кейін төртінші орында келе жатыр. Ал жекелей сында негізгі жіктелімде «астаналықтар» сапынан словениялық Янец Брайкович 9-шы, Борут Бозич 131-ші, қазақстандықтардан Александр Винокуров 32-ші,Дмитрий Фофонов 64-ші, Андрей Кашечкин 78-ші, Максим Иглинский 118-ші, швециялық Фредрик Кесьякофф 40-шы, украиналық Андрей Гривко 44-ші орында келе жатыр. Үздіктер көшін Team Sky командасының ұлыбритаиялық велошабандозы Брэдли Уиггинс бастап келе жатыр.
Енді спортшылар бүгін 19-турда Бонневаль мен Шартр арасындағы 53,5 шақырымдық бәсекені өткізеді. Ал ертең Рамбуйе мен Париж 120 шақырымдық тегіс жолда ақтық 20-турды өткізеді. Елисей алаңында мәреге жететін бұл додада биылғы «Тур де Франс» көпкүндігінің жеңімпаздары мен үздік командалары марапатталатын болады.