Тұрақтандыру қорларына қатысқан ӘКК-нің жартысынан көбі соңғы бір жарым жылда үлкен шығынға ұшырады - С. Ахметов
АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Серік Ахметов ҚР Өңірлік даму министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің жобаларын қолдау аясында Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) рөлі мен қызметін нақтылауды тапсырды.
«ӘКК-ні дамыту үшін қабылданған концепцияларда оларды шығынға ұшырап отырған бағдарламалардан біртіндеп шығару жолдары қарастырылған. Сондықтан мен өңірлердің әкімдерінен ӘКК-ні шығынсыз қызмет деңгейіне көтеруге себін тигізетін ұсыныстарын ҚР Үкіметіне жолдауын сұраймын», - деді Үкімет басшысы бүгін өткен Үкімет отырысында.
С. Ахметовтің айтуынша, тұрақтандыру қорларына қатысқан ӘКК-нің жартысынан көбі соңғы бір жарым жылда үлкен шығынға ұшыраған.
«Сондықтан бізге қаржыгерлерді, құқыққорғау органдарының қызметкерлерін шақырып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың болашақта шығынсыз жұмыс істеу жолдарын ойластыру қажет. Өйткені олар бір жылдары өте жақсы жұмыс істеп пайда әкелсе, келесі жылы ондай нәтиже көрсете алмады ғой», - деп атап өтті Үкімет басшысы. Оның айтуынша, ӘКК қатысуы кезінде олар ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыруда маңызды рөл ойнады.
«Жуық арада министрліктердің мүдделі басшыларының басын қосып, ӘКК-нің рөлін анықтау қажет. Олар болашақта нарық бағасын тұрақтандыруға қызмет ете бере ме (әсіресе көкөніс өнімдері саласында) немесе оларды басқа мемлекеттік құрылымдарға беру керек пе?» - деген мәселе көтерді С. Ахметов.
Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Қазақстандағы ӘКК-нің барлығы бірдей шығын келтірмейтіндігін, арасында пайда түсіріп отырғандары да бар екенін атап өтті.
«Егер тұрақтандыру қорларындағы ӘКК-лердің нәтижелерін талдайтын болсақ, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарындағы ӘКК-лер басқалармен бірдей нарықтық жағдайда қызмет етсе де, шығынға батпай, керісінше пайдамен шығып отыр. Сондықтан, ең алдымен ӘКК-лердің менеджментін жақсарту қажет деп ойлаймын», - деді А. Мамытбеков.