Тұрақтандыру қорын қалыптастыруға ӘКК-лерді қатыстырмау ұсынылды
«Өкінішке қарай, қазіргі кезде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың көбісі экономиканың басқа салаларындағы жобалармен айналысып жатыр. Яғни құрылыс, жер қойнауын пайдалану, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарда қамтылған. ӘКК-лердің басым бөлігі ауыл шаруашылығына тиісті деңгейде көңіл бөліп отырған жоқ. Осы орайда азық-түлік тауарларды, өңірлік тұрақтандыру қорларын құру мен пайдалану шараларымен шектеліп келеді», - деді С. Омаров.
Оның сөзіне қарағанда, тұрақтандыру қорларын құру мен пайдалану бағытында бірқатар проблемалар туындап отыр және олар өз шешімін таппай келеді. Көкөністерді тұрақтандыру қорларына сатып алу кезінде өнімнің бүлінуіне байланысты шығынға тап болу тәуекелі бар.
«Өнім сатып алуға бөлінген қаржы мақсатты пайдаланылмай, ӘКК-лер депозиттік шоттарында сақтауға бағытталғаны туралы фактілер бар. Бірнеше облыста тұрақтандыру қорлары құрылмаған. Бірқатар өңірлерде осындай қызмет түрі шығынды болып отыр. Бұл тұрғыда тұрақтандыру қорын қалыптастыру бағдарламасынан ӘКК-ні шығару туралы ұсыныс жасалуда», - деді Сапархан Омаров.