Тұрақты даму, саяхат пен билет бағасы – Араб авиация саммитінде қандай мәселелер көтерілді

РАС-ӘЛ-ХАЙМА. KAZINFORM – Біріккен Араб Әмірліктерінің Рас-әл-Хайма әмірлігінде 11-ші Араб авиациялық саммиті өз жұмысын аяқтады. «Саяхаттың болашағын зерттеу» тақырыбында өткен жиын сала мамандарын авиация саласының келешегін қамтамасыз ету үшін технологияға, тұрақты дамуға және білікті жұмыс күшіне стратегиялық инвестиция жасауға шақырды.

Араб авиация саммиті
Фото: Араб авиация саммиті
Араб авиация саммиті
Фото: Араб авиация саммиті

Араб авиациясы пандемиядан кейін қалай қалпына келді 

Араб әуе тасымалдаушылары ұйымының Бас хатшысы Абдул Вахаб Теффаханың айтуынша, авиация саласы пандемияға байланысты дағдарыстан кейін қалпына келгеніне қарамастан, жаһандық денсаулық сақтау дағдарысы кезіндегі кейбір елдердің шектеу саясатымен күрес аяқталмады.

«Қазіргі уақытта көңіл бөлінуі қажет үш негізгі мәселе бар. Біз авиацияны пандемиядан және кейбір елдердің ұшуды шектеу саясатынан кейін қалпына келтіру үшін әлі де күш-жігер жұмсап келеміз. Екінші мәселе – тұрақты дамуға ұмтылуымыз қажет және үшіншісі – қазіргі технология деңгейін туризмге қалай енгізетінімізде. Статистикаға сәйкес, Араб елдерінің үздік 10 әуежайындағы жолаушылар ағыны 2019 жылға қарағанда жоғары болғанымен, халықаралық ағын сол 2019 жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен сандарды көрсетіп отыр. Біз кейбір мемлекеттердің шектеу саясатына байланысты 7 жылымызды жоғалттық», - деді Абдул Вахаб Теффаха БАӘ Рас-әл-Хайма әмірлігінде әл-Хамра көрме орталығында өткен Араб авиация саммитінде.

Сонымен бірге, спикер инфляция мен геосаяси тұрақсыздықтан туындаған экономикалық мәселелерге байланысты жеткізу тізбегі мәселесі де бар екенін атап өтті.

«Тұрақтылық – біздің жаңа шындығымыз. Біз туризм деңгейін ең жоғары деңгейде ұстап тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек, өйткені олар ЖІӨ-нің және жаңа жұмыс орындарын ашудың маңызды құрамдас бөлігі. Халықаралық авиация қызметін пайдалану – 1,9 пайыз, ел ішінде – 3 пайыз», - деді Абдул Вахаб Теффаха.

Авиация және туризм саласындағы жетекші іс-шара қосалқы бөлшектердің жетіспеушілігі мен жеткізілімдердің кешігуі проблемалары, сектордың қалпына келуіне және өсуіне ықпал ететін авиация саласының тұрақтылығы секілді маңызды тақырыптарды қамтыды.

Әдел Әли
Фото: Араб авиация саммиті

Мәселен, Air Arabia компаниясының бас атқарушы директоры Әдел Әлидің айтуынша, нарықта мұнай өте аз және жоғары бағамен сатылады. Үздіксіз тасымалды қамтамасыз етудің жалғыз шешімі – әуе билеттерінің бағасын көтеру. Ал билет бағасын көтеру нұсқасына жүгінбеу үшін баламалы мұнайды жеткілікті мөлшерде өндіру тамаша шешім болатынын баса айтты.

Әуе көлігінің көмірқышқыл шығарындыларын нөлге түсіру мүмкін бе?

Бірер жыл бұрын Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) және әлемдік авиакомпаниялар 2050 жылға қарай ауадағы көмірқышқыл газы шығарындыларын нөлге дейін төмендетуге міндеттеме алған еді. Қазіргі уақытта жаһандық шығарындылардың 2%-ы авиация саласына тиесілі.

«Көлік немесе электрокөлік сатып алғанда көптеген елдерде жеңілдіктер мен жанармай шығарындыларын азайту үшін ынталандыру жасалады. Ал авиацияда айыппұл салынады. 2050 жылы авиациядағы отын шығарындыларын қалай нөлге жеткіземіз? Бұл міндеттің 21%-ы технологияға жүктеледі. Рейстер менеджментін өзгерту, әуежайларды кеңейту жұмыстары жылдам бола қоймайды. Авиация мен технология деңгейі арасындағы алшақтықты қалай толтыруға болады? Біз қазіргі уақытта барлығын дерлік онлайн жасай аламыз. Әуежайлардың әуе жолдары деңгейінде, тіпті мемлекеттер деңгейінде цифрландыруды қабылдауымыз керек», - деді Араб әуе тасымалдаушылары ұйымының Бас хатшысы Абдул Вахаб Теффаха.

А. Теффаха жеткізу тізбегіндегі проблемалар әлі де сақталғандықтан, инфляция және жаһандық экономикалық жағдайлар саланың еркін өсу мүмкіндіктерін одан әрі шектей түсетінін айтты. Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін әуе компанияларын жазалаудың орнына таза энергияны пайдалануды ынталандыру керегін, ал саяхат кезінде барлық жерде цифрлық технологияларды енгізу сектордағы технологиялық олқылықтарды жою үшін өте маңызды болатынын жеткізді.

Араб авиация саммиті
Фото: Араб авиация саммиті

Сонымен бірге, саммитте авиацияның жасыл болашаққа көшуіндегі экологиялық таза авиациялық отынның (SAF) рөлі жөнінде де пікірталастар болды. Сарапшылар 2050 жылға қарай көміртегі шығарындыларын азайту мақсаттарына жетуге көмектесетін ең практикалық тәсілдерді талқылады.

Таяу Шығыстағы авиация қарқыны қалай дамып келеді?

Сонымен бірге, сарапшылар саладағы білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі арта түскенін және оның саяхатқа сұраныс артқан сайын мүдделі тараптар үшін салдары да маңызды екенін айтады.

«Авиациядағы әйелдер – Таяу Шығыс» ұйымының президенті Мерват Сұлтанның айтуынша, 2029 жылға қарай Таяу Шығыстағы авиация нарығының құны шамамен 75 миллиард доллар болатынын жеткізді. Бұл Таяу Шығыс авиациясы нарығының жыл сайынғы өсу қарқыны алдағы онжылдықта 5,1% болатынын білдіреді.

«Дүние жүзінде 1,3 миллион авиация мамандары қажет, ал мұнда Таяу Шығыста бізге шамамен 78 000 бортсерік, 28 000 коммерциялық ұшқыш, сертификаты бар 22 000 коммерциялық ұшақ қажет. 2032 жылға қарай туризм индустриясының орташа жылдық өсу қарқыны 7,7 болады деген болжам бар. 2040 жылға қарай бұл 1,1 миллиард жолаушы болады. Таяу Шығыс әуежайларының өткізу қабілетін кеңейту үшін 151 миллиард қажет», - деді М. Сұлтан.

Бұл Таяу Шығыстағы авиация өнеркәсібінің эволюциясы қалай дамиды деген сұраққа әкеледі.

Араб авиация саммиті
Фото: Араб авиация саммиті

Авиация – туризмнің ажырамас бөлігі

Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің президенті және бас директоры Джулия Симпсон авиация туризмнің ажырамас бөлігі екенін баса айтты және барлық мүдделі тараптарды сектордың тұрақтылығын арттыру мақсатында ынтымақтасуға шақырды.

Араб авиация саммиті бірнеше жыл қатарынан Рас-әл-Хайма әмірлігінде Туризмді дамыту басқармасымен ынтымақтастықта өтіп келеді. Парсы шығанағы жағалауындағы бұл қала тарихи тұрғыдан туризмге бейімделген.

«Біз бұл дәстүрді жалғастырып келеміз және өткен жылы 1,2 миллион турист қабылдай алдық. Ал халықаралық келушілер санын 24%-ға арттырдық. Әмірліктің әуе қатынасын кеңейтуге, туристік инфрақұрылымды жақсартуға және экожүйесін дамытуға салған қазіргі инвестициялары оның аймақтағы ең жылдам дамып келе жатқан бағыт мәртебесін одан әрі нығайта түседі. Шекарасыз саяхатқа сұраныс артып келе жатқандықтан, Парсы шығанағы елдерінің біртұтас туристік визасы нағыз серпіліс болады, бұл көптеген адамдар мен отбасыларға әмірлікте аралас саяхат жасауға мүмкіндік береді», - деді Рас-әл-Хайма әмірлігінің туризмді дамыту басқармасының бас директоры Раки Филлипс.

Раки
Фото: Араб авиация саммиті

Оның айтуынша, экология мен тұрақтылық авиацияда да, туризмде де маңызды болып қала береді. Рас-әл-Хайма Таяу Шығыс аймағында алғаш рет EarthCheck Sustainable Destinations бағдарламасының күміс сертификатын алған. Сандармен айтқанда, энергияны тұтыну 23 пайызға, парниктік газ шығарындылары 29 пайызға азайды және қалдықтар 61 пайызға жақсартылған.

«Біріккен Араб Әмірліктері БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі 28-конференциясында айтылған авиациялық инновациялардың ізашары болды. Экологиялық авиациялық отын және коммерциялық авиацияның CO2 шығарындыларын 80% төмендету әлеуеті туралы айтарлықтай пікірталас туындады. Биылғы саммиттегі пікірталасымыз міндетті түрде осыған арналады, оған қоса электр және сутегі отынымен жұмыс істейтін ұшақтар жасайтын технологиялар туралы естігеніме қуаныштымын және технология мен жасанды интеллектінің бұл интеграциясы жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартады деп есептеймін», - дейді Р. Филлипс.

Араб авиация саммиті
Фото: Араб авиация саммиті

Басқарма өкілі Қазақстан нарығының өте маңызды екенін атап өтті. Өткен жылы Қазақстаннан 65 мың турист Рас-әл-Хайма әмірлігіне барған және ТОП-3 елдің санатына енген.

«Біз Қазақстанмен және «Эйр Астана» секілді әуе компанияларымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Пандемияға дейін Қазақстаннан келетін тікелей рейстер өте көп еді. Биыл 15 наурыздан бастап, Наурыз мерекесі қарсаңында Астанадан Рас-әл-Хаймаға тікелей әуе рейстері қайта ашылатынын қуанышпен хабарлаймын. Екі ел арасындағы туристік байланыстарды тұрақты түрде нығайтуға мүдделіміз. Біздің әуежайдың бағасы да тиімді, саяхаттауға да ыңғайлы. Ұшақтан түскен бойда аз уақытта 64 шақырымға созылған ақ құмды жағажайымызға жетуге болады. Араб халқының бірегей қонақжайлылығы да қазақстандықтарға ұнауы тиіс. Қауіпсіз әрі тұрақты даму жолын таңдаған ел ретінде әлемнің барлық тұрғындарына ашықпыз», - деді Р. Филлипс.

Араб авиация саммиті
Фото: Араб авиация саммиті