Тұрақты экономикалық өсу кемінде 6% болуы керек – Премьер-Министр
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жылдың аяқталуына екі апта қалғанын, бөлінген қаражатты толық игеру керектігін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Биылғы қараша айында инфляция 10,3%-ке дейін төмендеді. Мемлекеттік органдар инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындауы қажет. Жыл соңына дейін 2 апта қалды. Экономика өсімінің оң серпінін сақтау, бөлінген қаражатты толық игеру және барлық нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет», - деді Әлихан Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Келесі жылы экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру керек.
«Тұрақты экономикалық өсуді кемінде 6% деңгейінде қамтамасыз ету – Үкіметтің орта мерзімді кезеңге арналған басты міндеті. Әрине, біз биік мақсат қойып отырмыз және ол бәрімізден нәтижелі жұмыс пен бірлескен күш-жігерді талап етеді. Бұл мақсатқа жету үшін бізде қажетті мүмкіндіктер бар», - деді Үкімет басшысы.