Тұрақтылығымен танымал Сингапур долларының да құны түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақшаның құнсыздануы Сингапур долларына да жетті, деп жазады khabar.kz.
Бұған дейін тұрақтылығымен әйгілі болып тұрған ақша бірлігі 3 жыл бұрынғы көрсеткішімен тағы да «қауышты».
Бұл ұлттық орталық банктің тосын сыйы болды. Мамандар: «бұл - әлемдік ірі державалардың өз экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жүргізіп жатқан валюталық соғыстарының кезекті көрінісі» деп бағалауда.
Сингапурлық доллар құнсыздану шеруіне ресейлік рубль, жапондық йена, қытай юанінен кейін қосылып отыр. Әрі мұның бәрі бір айға да жетпейтін қысқа мерзімнің ішінде орын алғаны сингапурлықтарды сергелдеңге түсірген жайы бар.
Сарапшылар бұл жағдайды америкалық доллардың шарықтап бара жатқан бағамына қатысты өзге елдердің қалыпты реакциясына балап отыр. Дегенмен, құнсыздану үрдісі мұнымен тыйылмайтын сыңайлы.