«Тұралаған туризмді қалай өрбітеміз?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 9 тамыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда солтүстік өңірлерді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді», - деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» басылымы «Қатаң бақылау - нақты нәтиже кепілі» деп аталатын мақаласында.

Кеңес барысында Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге еліміздің не­гізгі астықты өңір­лерінің әкім­дері шақы­рыл­ғанын атап өткен.

«- Мен жаңа биыл респуб­ли­камыздың ауылшаруашылық саласы үшін күрделі жыл болатынын айттым. Өздеріңіз біле­сіз­дер, ара райының қуаңшылығы бізді ғана емес, АҚШ, Канада, Ресей және Украина сияқты ірі астық өсі­ретін елдердің аумағын да қам­тыды. Бұл, әрине, астық тү­сіміне ықпал, екінші жағы­нан, астықтың экспорттық баға­сының арта түсуіне әсер етеді. Мысалы, баға тоннасына 120-160 долларға өсті. Мен бағаның осындай өсіп отырғанын ескере келе, ауылша­руашылық жұмыс­кер­лері өз табыстарын жоғал­тып алмаулары керек деп санаймын. Оның үсті­не, жауын-ша­шынның болуы мол астық өні­мін алуға оң ықпал етіп, ендігі кезекте күннің жылынуы да өз септігін тигізері анық. Жи­ын-терім науқанына жан-жақты дай­ындалу керек. Осы мәсе­ленің бәрі бүгінгі кеңесте тал­қы­лана­тын болады, - деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы тек соңғы бес жылда еліміздің ас­тық өсіре­тін негізгі үш өңіріне субсидия түрінде 60 миллиардтан астам теңге бөлінгенін атап өтті», - делінген мақалада.

«Алаш айнасы» газеті «Тұралаған туризмді қалай өрбітеміз?» атты материалында отандық туризм бизнесінің неліктен өрісін кеңге жая алмай келе жатқанына ой тастайды.

Басылымның жазуынша, елімізге жыл сайын 4 млн. турист ат басын бұрады екен. Есесіне, жыл сайын 5-6 млн. қазақстандық жат жұртқа барып, қисапсыз қаржыны өзге елдің бюджетіне тастап келеді.

«Ал сол қаржы өзімізде қалса, тақиямызға тар келе ме? Әлде еліміз туристерді тартатындай табиғаттан құралақан ба?», - деп қынжылыс танытады.

«Тас та тауар болады. Қалдық та кәдеге жарайды. Ал Жасағанның өзі тарту еткен табиғат сұлулығы қыруар қаржыға кенелтеді екен. Статистика «дүниежүзінде туризмнің табысы мұнайдан түсетін табыстан кейін екінші орын алады» дейді. Бұл ретте «АҚШ пен Франция өзге елді шаң қаптырып тұр» дейтін де - мәліметтер бар. «Бақсақ бақа екен» дегендей, туризм тілін тапса, бақ екен...», - деп жазады басылым.

«Айқын» газеті бүгінгі санында Олимпиада жеңімпазына грузиндер 1 миллион, Ал Әзірбайжан елі 750 мың доллар сыйақы беретіндігін жазуда.

«Ал The Telegraph басылымының хабарлауынша, чемпионға Франция  - 41 мың 500, Қытай - 35 мың, Жапония - 23 мың, Оңтүстік Корея - 22 мың, Австралия мен Германия - 12 мың фунт стерлингке тең сыйақы тағайындапты», - дейді «Айқын» газеті.

Қазақстан өз чемпиондарына қанша қаржы беретіндігін «Олимпиада «алтыны»: Жеңімпаздарды қандай қаржы күтіп тұр?» атты мақаласынан біле аласыздар.

«Нұр Астана» басылымы «Шетелдік есепшоттарда қанша қаржы жатыр?» атты мақаласында таяуда Ресейдің Мемлекеттік Думасында шенеуніктерге шетелде жылжымайтын мүлік иеленуге, шетелдік банктерден есепшот ашуға тыйым салатын заң жобасын ұсынғандығы жазылады. Ол заң жобасы бойынша, заңбұзушылыққа жол берген шенеунік 5 млн-нан 10 млн. рубльға дейін айыппұл төлейді немесе 5 жылға дейін сотталмақ.

«Ал егер тура осындай заң жобасы жасалып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне ұсынылса, депутат мырзалар қолдар ма еді?», - деп сауал тастайды «Нұр Астана» газеті.

«Өткен аптаның ішінде бір Алматының өзінде екі полиция қызметкері қаза болды», - деп жазады «Литер» басылымы. Газеттің атап өткеніндей, өкінішке орай, бейбіт заманда қылмыскерлерді қарусыздандыру операцияларынан тыс полиция қатары шығын көруде.

«Өткен аптада погон киген адамдардың арасында жапа шеккендердің қаралы тізімі тағы екеуге толықты», - делінген «Мына қысқа ғұмыр» атты мақалада. Бір қызығы, олар қызмет бабында қылмыскерлерді қарусыздандыру кезінде емес, мүлдем басқа жағдайларда, бірі - жол-көлік апатында қайтыс болса, екіншісі өз-өзіне қол жұмсаған...

Соңғы жаңалықтар