Турбизнес өкілдері кәсіби біліктілігін жетілдіреді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мемлекеттік тапсырыс аясында тегін тренингтер ұйымдастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Аталған министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, еліміздің экскурсия жүргізуші-гидтерінің кәсіби біліктілігін жоғарылату мақсатында әдеп және өзін-өзі ұстау мәдениеті, топтық психология, дағдарыс жағдайында қабылданатын шұғыл шешімдер және басқа да турбизнес өкілдері үшін маңызды тақырыптарға арналған тегін оқыту курстары Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтеді. Біліктілікті көтеруге арналған тренингтерді қазақстандық және шетелдік мамандар, оның ішінде Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясының (WFTGA) мамандары жүргізеді.

«Экскурсия жүргізуші-гидтерге арналған тренингтердің алғашқы легі қарашаның 17-23 күндері Алматы қаласында өткізіледі. Қазақстандық туроператорларға арналған дәрістер Елордада 25-27 қараша аралығында ұйымдастырылады. Сондай-ақ, туроператорлар мен қонақүй бизнесінің өкілдері де осы күндері өткізілетін тренингтерге тегін қатыса алады», - деп атап өтті министрліктен.

Ведомство ақпаратына сәйкес, тренингтен өткен әр қатысушыға шара соңында арнайы сертификат табысталады. Бір апталық оқыту курсынан өткен экскурсия жүргізуші-гидтер Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясы (WFTGA) атынан арнайы сертификатқа ие болады.

Соңғы жаңалықтар