Тұрғын үй бағасы бір жылда қалай өзгерді
Бір жылда (2022 жылғы желтоқсан мен 2023 жылғы желтоқсанды салыстырғанда) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 3,4% өсті, ал пәтерлерді қайта сату бағалары 3,7% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 2022 жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы желтоқсанда 1,6% жоғарылады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтерлер нарығында жылдық мәнде баға Қызылорда – 12,6% және Петропавл – 10,6% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (8,2%), Қызылорда (6,9%) қалалары бастап тұрса, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Жезқазған (33,4%), Көкшетау (26,1%), Қарағанды (23%) қалалары тұр.
Бір айдың ішінде (2023 жылғы желтоқсан 2023 жылғы қарашаға) абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,9%, жаңа тұрғын үйді сату – 0,6%, пәтерлерді қайта сату – 0,2% өсті.
2023 жылғы желтоқсан айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 37 818 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 238 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 29 580 мәміле жасалды. 2023 жылдың қарашасымен салыстырғанда (31 727) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 19,2%-ға көбейді. Мәмілелер саны бойынша бұрынғысынша Алматы (7594 – 20,1%) және Астана (7157 – 18,9%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2946 – 7,8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 447 бірлік (1,2%).
2023 жылғы қарашамен салыстырғанда желтоқсанда ең жоғары өсім Астана (+48,2%), Түркістан облысында (+44,1%) және Шымкент қаласында (+30,5%) тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Солтүстік Қазақстан (24%), Ақмола (4,8%), сонымен қатар Қызылорда (-4,6%) облыстарында орын алды.
2023 жылғы қарашаға қарағанда желтоқсанда көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 22,5% (5432 мәмілеге) артты. Желтоқсан айында пәтерлер бойынша барлығы 29 580 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78,2%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (23,7%), Алматы (23,5%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,2%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым, желтоқсан айында олар бойынша 11 465 мәміле ресімделген.
2023 жылдың қараша айымен салыстырғанда, желтоқсанда жеке тұрғын үйлер бойынша да мәміле саны көбейді – 8,7% (659 мәмілеге) өсіп, 8 238 құрады. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Алматы (39,7%), Шымкент (38,9%) және Астана (33,9%) қалаларында байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Солтүстік Қазақстан (18,1%), Қостанай (17,5%) және Ақтөбе (11,6%) облыстарында орын алды.
2023 жылдың желтоқсанында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 12,6%-ға көбейген, ол кезде 33 587 мәміле ресімделген болатын. Азаюдың ең жоғарғы көрсеткіші Ақтөбе облысында (15,3%) тіркелді, ал Алматы облысында ұлғаюдың ең жоғары көрсеткіші (62,3%). Динамиканың төмендеуі 2023ж. қаңтар-желтоқсан айларындағы мәмілелер санының 2022ж. қаңтар-желтоқсан айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда азаюы 20,5% көрсетті.