Тұрғын үй нарығының жай-күйі: пәтер бағасы өсе ме
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттеу қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко елдегі тұрғын үй нарығының жай-күйіне тоқталды.
Оның айтуынша, тұрғын үй нарығы кейінгі бір жылда тоқырауда тұр. Яғни, үй мен пәтер саудасы баяу.
– Кейінгі айлардағы динамикаға қарасақ, инфляция шегіндегі ауытқуды байқаймыз. Қаңтарда өсім 2,5% болса, кейін 0,2%, 0,1% және 0,6% болды. Бұл нарықтың тоқтап тұрғанын көрсетеді. Оның үстіне статистика көбіне нақты мәмілеге емес, жарнаманың бағасына негізделіп жасалады. Сондықтан ресми көрсеткіш пен нақты жағдай бірдей емес, - дейді Нина Лукьяненко.
Сарапшының айтуынша, әсіресе екінші деңгейлі тұрғын үй нарығына қысым күшейген. Кеңес кезінде салынған ескі пәтерлер ипотекалық бағдарламаға енбей қалады. Себебі банктер 50 жылдан асып кеткен үйлерді несиелеуге қарсы. Бұл пәтер бағасына тікелей әсер етеді.
– Егер пәтерге ипотека берілмесе, сатушы сатып алушылардың басым бөлігін автоматты түрде жоғалтады. Ал сұраныс азайған кезде баға төмендей бастайды. Қазір екінші нарықтағы тұрғын үйлер жаңа үйлермен бәсекелесе алмайды. Өйткені құрылыс компаниялары бөліп төлеу, төмендетілген мөлшерлемелер, жөндеу жұмыстары мен басқа да бонустарды ұсынады, - деді ол.
Бірақ Нина Лукьяненко қолжетімді ипотеканың кезінде тұрғын үй бағасының қымбаттауына әсер еткен факторлардың бірі болғанын айтты. оның сөзінше, зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану – жылжымайтын мүлік бағасының күрт өсіп, үй саудасының артуына алып келді.
– Арзан ипотека берілген кезде нарық автоматты түрде көтеріледі. Зейнетақы жинақтарын пайдалану кезеңінде дәл осылай болды. Қосымша қаржылық қолдау тоқтағаннан кейін бағалар біртіндеп кері шегіне бастады. Сондықтан жеңілдетілген бағдарламалар тек әлеуметтік осал топтарға бағытталуы керек, - деді сарапшы.
Сондай-ақ ол ипотекалық мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендету туралы пікір білдірді.
– Адамдар мөлшерлеменің төмендегені туралы жаңалықты көріп, баспана қолжетімді бола түседі деп ойлайды. Бірақ 20 пайызбен де артық төлем аз болмайды. Оның үстіне мұндай шарттар 30% бастапқы жарнаны жинаған адамдарға ғана ұсынылуы мүмкін. Яғни қаржысы аз адамдар бұрынғыдай қымбат несие алуға мәжбүр болады, - деді спикер.
Еске салайық, Алматыда тұрғын үйлерді басқарушы компанияларға 10 млн айыппұл салынған.