Тұрғын үйді міндетті сақтандыру және ЖИ-омбудсмен: 2027 жылдан бастап қазақстандықтарды не күтіп тұр
АЛМАТЫ.KAZINFORM - 2027 жылдан бастап Қазақстанда азаматтардың банктермен арадағы дауларын сотқа дейін реттейтін бірыңғай қаржы омбудсманы жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар жаңа сақтандыру нарығы туралы заң аясында тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жоспарланып отыр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресінде қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы негізгі өзгерістер туралы айтты.
2026 жылы мінез-құлықтық қадағалау моделі енгізілді. Оның басты мақсаты – қаржы өнімдерін әзірлеу және сату кезеңінде-ақ азаматтардың құқығын бұзуға жол бермеу. Келесі кезеңде бірыңғай қаржы омбудсмені іске қосылады. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тұтынушылар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды сотқа дейін реттейтін бірыңғай алаңға айналмақ.
Азаматтар бюрократиялық кедергілерсіз жедел көмек алуы үшін Қаржы омбудсмені кеңсесінің базасында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін FinKomek цифрлық платформасы іске қосылады.
- Қаржы омбудсмені кеңсесінің базасында жеке ЖИ-көмекшісі бар FinKomek цифрлық платформасы жұмыс істейді. Ол проблемалық берешекті реттеу, өтініштерді қабылдау және сүйемелдеу, сақтандыру залалын тәуелсіз бағалау, қаржы өнімдерін іріктеу және кредиттік тарихты бақылау қызметтерін біріктіреді, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Бұдан бөлек, жаңа цифрлық жүйеге қаржылық алаяқтықтан қорғану құралдары енгізіледі. Олардың қатарында несие алуға ерікті түрде тыйым салу, қаржы операцияларын күшейтілген бақылау режимі, сенімді тұлғаларды хабардар ету және күмәнді әрекеттер анықталған жағдайда шоттарды жедел бұғаттау тетіктері бар.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған шаралар алғашқы нәтижесін бергенін атап өтті.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында елдегі қаржылық алаяқтық көлемі 2020 жылдан бері алғаш рет 20%-дай төмендеген.
Бұған Ұлттық антифрод-орталықтың жұмысы да әсер етті. Орталық 130 миллиард теңгенің ұрлануына жол бермей, қаражатты бұғаттауға мүмкіндік берген. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі киберқылмыстың күрделі схемаларын талдау үшін NBK AI Platform платформасының мүмкіндіктерін пайдаланып келеді. Ал Ұлттық банктің биометриялық сәйкестендіру сервистері ай сайын шамамен 4 миллион қаржы операциясын тексереді.
Бұдан бөлек бөлшек кредиттеу нарығындағы шамадан тыс өсім тежелді. 2026 жылдың тоғыз айында халыққа берілген жаңа тұтынушылық кредиттердің көлемі 4,3%-ға қысқарса, бизнеске берілген қарыздар 19,5%-ға өскен. Ұлттық банктің бағалауынша, азаматтардың шамадан тыс қарызға бату жағдайы тұрақталып, жүйелік қауіп деңгейіне жетпей отыр.
Қазақстандықтарды күтіп тұрған тағы бір маңызды өзгеріс сақтандыру саласына қатысты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2030 жылға дейінгі саланы дамыту бағдарламасы мен Сақтандыру нарығы туралы жаңа заң жобасын әзірледі. Бағдарлама 18 бастаманы қамтиды.
Құжатта міндетті және міндеттелген сақтандыру түрлері туралы заңнаманы бір жүйеге біріктіру, сондай-ақ тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру көзделген. Бұл шара су тасқыны, жер сілкінісі және басқа да табиғи апаттар кезінде азаматтардың қаржылық шығынын өтеудің сенімді тетігін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар мемлекет бюджетіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сақтандыру нарығындағы өзге де маңызды жаңашылдықтар:
* Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының өкілеттігін кеңейту;
* Сақтандыру тәуекелдері мен тарифтерін дәл есептеу үшін Орталық актуарий институтын құру;
* Зейнетақы аннуитеттері мен ерікті медициналық сақтандырудың бірыңғай цифрлық жүйесін дамыту;
* Электрондық шарттарға көшу және оларды Сақтандырудың бірыңғай дерекқорында саланы толық цифрландыру.
Сондай-ақ заң жобасында шетелдік сақтандыру компанияларының Қазақстан нарығына шығуын жеңілдету және Solvency II халықаралық төлем қабілеттілігі стандарттарын енгізу қарастырылған.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, сақтандыру және капитал нарықтарының екі сегментінде де реттеуші қадағалаудың негізгі бағытын қаржы өнімдерін сату сапасына және клиенттердің құқықтарын қатаң сақтауға бұрып отыр.
Еске салсақ, ел экономикасы 10 айда 4,5% өскені айтылды.