Тұрғын үйлердегі өрттің 40 пайызы электр жабдықтарынан шығады

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде тұрғын үйлердегі өрттің шамамен 40 пайызы электр жабдықтарын орнату және пайдалану ережелерін бұзудан шығады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Руслан Қайрақбаев брифингте мәлім етті.

Тұрғын үйлердегі өрттің 40 пайызы электр жабдықтарынан шығады
Фото: Pexels

Оның айтуынша, өрттің шығуына жылыту пештерін дұрыс пайдаланбау және отпен абайсыз әрекет ету де себеп болады.

— Тұрғын үйлердегі өрттің 20–25 пайызы жылыту пештерін пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан, ал 18–20 пайызы отпен абайсыз әрекет етуден шығады, — деді Руслан Қайрақбаев.

Ол темекіні абайсыз шегу, пешке қойылған тамақты қараусыз қалдыру және балалардың отпен ойнауы да өртке себеп болатынын атап өтті.
ТЖМ өкілінің айтуынша, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі жылыту маусымы қарсаңында тұрғындарға электр сымдары мен жылыту пештерінің жарамдылығын тексеріп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды ескерткен еді.