Тұрғын үйлердің кіреберістерінде қауіпті QR-кодтары бар хабарландырулар ілінген – фейк
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтарды WhatsApp-та алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертуде, деп хабарлайды stopfake.kz.

Хабарламада кіреберістерде QR коды арқылы тұрғын үйдің ортақ чатына кіру туралы ұсыныспен хабарландырулар ілінгені айтылған. Ал кодты сканерлеген кезде пайдаланушылардың карталарынан ақша алынады екен.
Бұл хабарлама қазақстандық әлеуметтік желілерде де тарады. Бұл туралы Екібастұз қаласында тіркелген @ekibastuz_live аккаунты жазған.
Екібастұз қаласының полиция басқармасы кіреберістердегі хабарландырулар туралы посттың астында өз пікірін қалдырған.
Қазақстандық полицейлер сілтемесін қалдырған БАҚ-та алаяқтық схема туралы егжей-тегжейлі жазылған. «Новости Севастополя» порталының журналистері сарапшылармен сөйлесіп, QR-кодпен зиянды сілтемелерді жасыруға болатынын анықтады. Егер сіз оларға өтсеңіз, онда пайдаланушы тіркелгісі бұзылады.
«Касперский зертханасының» бас сарапшысы Сергей Голованов бұл схеманың қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Кодты сканерлегеннен кейін мессенджерде жаңа құрылғыны қосу туралы сұрау шығады. Егер екі факторлы аутентификация қосылса, пайдаланушыдан қосымша кодты енгізу сұралады. Нәтижесінде киберқылмыскерлер құпия чаттардан басқа барлық байланыстар мен хат-хабарларға қол жеткізе алады.
Алаяқтық схема туралы ақпарат Қазақстанда жалған болып шыққанымен, мамандар QR-кодтарды сканерлеу кезінде абай болуға және қауіпсіздік сақтау үшін сілтемелерді үнемі тексеріп отыруға кеңес береді.
Осыған дейін қарағандылықтардың ет сапасын QR-код арқылы тексере алатыны туралы жаздық.