Тұрғындар назарына: Алматыда терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 12 қараша сағат 08:00–ден 15:00–ге дейін Жетісу ауданында, Борандай көшесінің бойындағы теміржол учаскесінде терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өтеді.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, іс-шара барысында жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысын шектеу көзделмеген.
— Оқу-жаттығудың мақсаты — көлік инфрақұрылымы нысандарында терроризм актісінің жолын кесу тетіктерін жетілдіру. Тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтауды және іс-шараға тартылған мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз. Сондай-ақ ресми ақпарат көздеріне ғана сүйеніп, жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырамыз, — деп хабарлады полициядан.
Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертілді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында жұмысшы қаза болуына байланысты іс қозғалды.