Тұрғындар шағымы: Алматыда екі көшеде көлік жылдамдығына шектеу қойылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Достық даңғылы мен Керей-Жәнібек хандар көшелеріне «Сергек» камералары орнатылады. Осылайша аталған көшелерде жылдамдыққа шектеу қойылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесуге келген Медеу ауданының тұрғыны түнгі уақытта халықтың тыныштығын бұзатын жүргізушілерге қатысты шара қабылдауды сұрады.
«Түнгі уақытта Достық көшесінде жастар арасында нағыз жарыс басталады. Көліктердің дыбысы, мотордың гүрілі және қатты музыка ұйықтауға кедергі келтіреді. Тыныштықты бұзушылармен күресуіңізді сұраймыз», - деді тұрғын.
Шаһар басшысы, аудан тұрғындарының шағымы ескерілетінін айтты.
«Түнгі тыныштықты бұзғандар жауапкершіліктен босатылмайды. Полиция департаменті өкілдерімен бірлесіп, Достық даңғылы, Керей-Жәнібек хандар көшесіне «Сергек» бейнекамераларын орнатуды тапсырдым. Онда жылдамдыққа шектеу қоямыз. Бейнебақылау камералары бұл жағдайға әсер ететініне сенімдімін», - деді Ерболат Досаев.
Медеу ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы барлығы 57 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды.
«Биыл «Сергек» 30 аппараттық-бағдарламалық кешені мен 750 бейнемониторинг жүйесінің камерасын орнату жоспарда»,- деп атап өтті ол.