Тұрғындарға арналған тегін сервис іске қосылмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов Құрылтай депутаттарының тұрғындарға тегін қолжетімді, онлайн дауыс берудің негізгі модулі бар тұрғын үйлерді басқаруға арналған цифрлық сервисті іске қосу ұсынысына жауап берді.

Telegram, Alibaba, Microsoft, Sony могут закрыть доступ к сервисам в Кыргызстане
Фото: Бішкек ақшамы

Оның айтуынша, аталған мәселе цифрландыру саласындағы уәкілетті органмен және мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-пен бірлесіп пысықталды.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта кондоминиум объектілерін басқару органдарының, атап айтқанда мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) қызметін реттеуге арнайы бейімделген балама цифрлық сервис құру мәселесі қарастырылып жатыр.

- Аталған сервисті әзірлеудегі негізгі мақсат – азаматтардың дербес деректерін барынша сенімді қорғауды қамтамасыз ету. Дербес деректерді тікелей беруді талап ететін қолданыстағы жүйелерден айырмашылығы - мемлекеттік корпорация деректерді хэштеу технологиясы арқылы меншік құқығын (жылжымайтын мүліктің бар-жоғын) растау тетігін ұсыну. Бұл меншік иесін оның жеке мәліметтерінің таралып кету қаупіне ұшыратпай сәйкестендіруге мүмкіндік береді, - деді ол.

Вице-министр қазіргі уақытта аталған архитектуралық тәсілдің киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен келісу сатысында тұрғанын айтады.

- Мемлекеттік корпорация келісу кезеңі аяқталып, бірлескен техникалық шешім қабылданғаннан кейін сервисті 2027 жылы іске қосуға дайын екенін білдірді, - деді Рахымжан Исақұлов.

Бұған дейін Мүлік иелері бірлестігі төрағаларының құзыретіне қатысты бірқатар дәл емес әрі екіұшты ұғымдар анықталғанын, бұрынғы МИБ төрағасының ЭЦҚ-сына тәуелділіктен қалай арылуға болатынын жазған едік. 

Сонымен қатар 78 пәтер иелері кооперативі мен пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері қайта тіркеуден өте алмағаны белгілі болған еді.