«Тұрғын үй бағасы төмендеп келеді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 маусым, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Тұрғын үй бағасы төмендеп келеді» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XIV отырысы өтті. Оған Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының кезекті, яғни XIV отырысы V съезге дайындық жұмыстарын қорытындылауға арналды. Ал жиынға ислам, христиан, иудаизм, буддизм және индуизм сынды бірқатар діндердің өкілдері мен халықаралық ұйымдардан шақырылған тұлғалар қатысты. Отырыста терроризм мен экстремизмнің зардаптары, ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімді нығайту мәселелері кеңінен сөз болды. Жиынды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушы мәртебелі қонақтарды таныстыра келіп: - «Бүгінгі жиын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі алдындағы дайындық жұмыстарын пысықтап, қорытындылауды мақсат етеді. Осы сәтті пайдалана отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне лайықты әрі жанжақты қолдау білдіріп келе жатқан баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін», - деді. Осы жайында «Өзара үнқатысудың қажеттілігін өткен уақыт дәлелдеді» деген мақаладан толық оқи аласыздар.

Бас басылымда «Моноқалаларды дамыту шаралары қаралды» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді. Қазіргі уақытта республикамызда жалпы халық саны 1,5 млн. адам болатын 27 моноқала бар. 2012-2014 жылдары Моноқалаларды дамыту бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 48,4 млрд. теңге бөлінген. Ағымдағы жылдан бастап моноқалаларды дамыту 2020 жылға дейін Өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Моноқалаларды дамытудың кешенді жоспарларына сәйкес республикалық бюджеттен 2015 жылға 16,6 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 7,7 млрд.теңге бөлу қарастырылған. Моноқалаларда ШОБ-ты ынталандыру несиелері бойынша 10%-ға дейін пайыздық мөлшер­лемелерді субсидиялау, микронесиелер, сондай-ақ, жаңа өндірістер құруға 3 млн. теңгеге дейін бөлу түрінде мемлекеттік қолдау тетіктері жүзеге асырылады. Аталған бағыт аясында республикалық бюджеттен 2013-2014 жылдары 8 175,5 млн. теңге бөлінген, ал 2015 жылға 2 979 млн. теңге қарастырылған.

***

Естеріңізде болса, ақпан айында Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев: «Тұрғын үй бағасында өзгеріс болады. Бірақ көп мөлшерде өзгеріс болады деп айта алмаймын. Себебі, сатылып жатқан пәтерлер жоқ», - деген болатын.

«Бұл ойды осы саланы зерттеп жүрген отандық сарапшылар да қуаттады. Мамандар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының қарқынды іске асуы мен бағаның шарықтау шегіне жетуі тұрғын үй бағасын төмендетпей қоймайтынын айтқан. Міне, сол айтқандары айдай келіп, тұрғын үй бағасы төмендей бастады»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Тұрғын үй бағасы төмендеп келеді» атты мақаласында.

Осы басылымда КСРО әскери медицина қызметінің доғарыстағы майоры Жүнісов Төлеубай Жүнісұлымен арадағы сұхбат берілген. «Африканың оңтүстік-батысындағы Анголада болып қайтқан қазақ баласы әлі де ілуде біреу ғана. Бізді КСРО әскери медицина қызметінің доғарыстағы майоры Жүнісов Төлеубай Жүнісұлымен әңгімелесуге жетелеген осы факті еді. Оның үстіне кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғандығына биыл - 26 жыл. Ширек ғасырға жуық КСРО Қарулы күштерінің қатарында абыройлы қызмет етіп, Ауғанстан мен Анголадағы соғыстардың от-жалынынан аман шыққан Төлеубай ағаның өңірінде бүгіндері «Мінсіз қызметі үшін», «Ауған халқынан алғыс», «Жауынгерлік еңбегі үшін» секілді 11 медаль жарқырайды», - деп жазады автор. Бұл сұхбат «Ауғанстаннан кейін Ангола жұмақтай көрінді» деген тақырыппен жарияланды.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Уют-кампания» деген мақала берілген.

Данияның танымал сәулетшісі Ян Гейл Алматыны адамдар үшін жайлы қалаға айналдыруға уәде беруде. Оның пікірінше, адамдар көп тұратын мегаполистердің өзін ыңғайлы әрі жайлы етіп жасауға болады. Осы орайда ол Алматыда жайлылықтың жасыл аймақтарын құру арқылы қол жеткізуге болатындығын алға тартуда. Осындай орындардың құрылысына қала билігі 800 млн. теңге бөлген көрінеді. Қала тұрғындары үшін демалыс орындары адамдар көп жиналатын жерлерде пайда болмақ. Гейлдің пайымынша, орындықтармен және сәулеттік бейнелермен жабдықталған осындай аймақтар алматылықтардың сүйікті демалыс орындарына айналмақ.

Айта кетейік, ол Лондон, Мельбурн, Сидней, Нью-Йорк және Мәскеу секілді ірі қалалардың дизайнын өзгертумен жұмыс істеген.