«Тұрғын үй бағасы төмендеуде» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 маусым, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы Жұмыс күшін жоспарлау бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы соған орай өткізілген баспасөз мәслихатында «АрселорМиттал ТМД» компаниясының жаңадан тағайындалған директоры Парамжит Калон мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіпорынның қазіргі құрылымы дұрыс ұйымдастырылмаған»,-деп жазады «Егемен Қазақстан»газеті бүгінгі санындағы «Жаңа басшыға кәсіпорын құрылымы неге ұнамайды?» атты мақаласында.

«АрселорМиттал Теміртау» ком­паниясының құрамында метал­лур­гия­лық комбинат, Қарағанды облысындағы 8 көмір шахтасы, Қарағанды, Ақмола және Қос­танай облыстарындағы темір кенін өндіретін 4 кеніші бар. Кәсі­п­орындағы жұ­мыс­тарды шартты түрде үшке бөлуге болады.

Оның біріншісі - өнім өндірісі, екіншісі - құрал-жабдықтарды жөндеу мен қамтамасыз ету, ал үшіншісі - сервистік, яғни қаржылық, мар­кетингтік және басқа да қыз­меттер. Әлемдік тәжірибеге сүйен­сек, алғашқы бөлік бойынша барлық еңбеккерлердің 60 пайы­зы, екіншісінде 30 пайызы және соңғысында 10 пайызы жұ­мыс істеуі тиіс. Ал Теміртау метал­лургия комбинатында жұ­мыскерлердің шамамен өндірісте 45 пайызы, жөндеу мен қамтамасыз етуде 40 пайызы да, қалғандары сервистік қызметте.

Бас басылымда «KazSat-3» жерсерігінің жаңа қызметі» деген мақала жұртшылық назарына ұсынылып отыр. Цифрлық және жерсеріктік телевизиясының Ұлттық операторы «Қазтелерадио» АҚ ел халқына жаңа сапалы теледидар көрсетілімін ұсынады. Бұл жағдай жаңа қазақстандық «KazSat-3» жерсерігіне көшу нәтижесінде мүмкін болып отыр. Сигнал сапасын анықтау бойынша тестілеу жұмыстары 2016 жылдың ақпан айында аяқталды.

«Otau TV» жерсеріктік телехабар тарату желісі абоненттерін отандық «KazSat-3» жерсерігіне көшіру жұмыстарын 2016 жылдың 15 наурызында бастады. Бұған дейін жерсеріктік «Otau TV» телехабар таралымы шетелдік жерсеріктен жүзеге асырылып келген еді. Енді ол жұмысын 2016 жылы аяқтайды.

- Қазақстандық жерсерікті таңдай отырып, біз отандық эко­номиканың дамуына сеп боламыз. «Қазақстандық өнімді таңда!» немесе «Қазақстанда жасалған» - жай ғана патриоттық ұран емес. Әрбір қазақстандық өз болашағына, өс­келең ұрпақтың келешегіне осылайша үлес қосады, - дейді «Қазтелерадио» АҚ өкілдері.

Қазақстандық «KazSat-3» жер­серігіне көшу көрермендерге қо­сымша SD арналар көруге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ, ақылы арналар топтамасына қосылған пайдаланушылар HD арналарды тамашалай алады.  

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қоғамның ашықтығын қамтамасыз ететін бiрден-бір күш - журналистердің мәртебесін айқындау күн тәртібіне көтерілуі керек. Өйткені жалпылама құқық пен міндет тілшілердің еркін жұмыс істеуіне кедергісін келтіріп келеді. Енді жаңадан құрылған министрлік аталған жайтқа айрықша назар аударып, айналысатын болады. Сонымен бірге аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту да бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отыр. Бұл турасында - Астанадағы «Қазмедиа орталығында» Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні мерекесіне орай, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты.

- Тәуелсіздік жылдарында ақпарат пен байланыс саласында өте мықты кадр­лық құрамды қалыптастырдық, - деді министр Абаев саладағы маман­дар­дың басын қосқан салтанатты шара­да. - Байланыс саласында да ауқымды сапалы жұмыс атқарылды. Біз бұл ба­ғыт­тағы жұмысты жалғастырамыз жә­не жоспарлы түрде сандық Қазақ­стан бағытына жылжимыз. Бүгінде шал­ғай елді мекендерде инновациялық әлеу­меттік жобаларды жүзеге асыра оты­рып, пошта байланысы бөлімше­лері қала мен ауыл арасындағы басты бай­ланыстырушы буынға айналды. Осы жетістіктердің барлығы қазақ­стан­дық байланыс қызметкерлерінің кә­сіби біліктілігі мен ынтасынсыз мүм­кін бол­мас еді. Дегенмен салада әлі де ше­шімін күткен мәселелер жет­кі­лік­ті. Осы жайында «Министрлік журналистің мәртебесін көтеруді көздейді» атты мақаладан оқи аласыздар.

 

Бұл басылымда «Тұрғын үй бағасы төмендеуде» деген мақала берілген. Алматыда Homsters.kz компаниясының эксперттері қазақстандық БАҚ өкілдерімен бас қосып, тұрғын үй нарығы жайында ой-пікірлерімен бөлісті.

Журналистер назарына елдегі құрылыс нарығында бой көрсетіп жүрген компаниялардың рейтингісі ұсынылып, тұтынушылардың қай қаладан су жаңа пәтер кілтін иемденгісі келетіндігі айтылды.

Айта кетейік, биылдан бастап елде жылжымайтын мүлікті саудалау ұлттық валютамен жүзеге аса бастады. Сондықтан болар, жыл басында тұрғын үй бағамы бір қалыпты деңгейді ұстап тұра алмады. Мәселен, ақпан айында 1 шаршы метрдің бағасы 420 мың теңгеге көтерілсе, наурыз айында ол 377 мың теңгені көрсетті. Маусым мен тамыз айларында сауданың бәсеңдеуіне байланысты баға 362 мың теңгенің межесінде болады. Бұл әрине, доллар бағамы мен мұнай секторындағы бағамға да байланысты құбылып тұрады. Компания сарапшыларының айтуынша, елдегі тұрғын үй құны 2017 жылдың бастапқы айларына дейін арзандайтын болады.
«Homsters» халықаралық ком­паниясының қазақстандық өкілдігі басшысы Олеся Мельникованың сөзіне сенсек, бір шаршы метр құнының төмендеуіне ықпал етіп отырған үш негізгі фактор бар. Біріншісі - халық табысының азаюына байланысты тұрғын үй сатып алуға деген сұраныстың кемуі. Екіншісі - саудаға шығарылған обьектілер санының артуы. Homsters.kz сарапшыларының есебі бойынша, жыл басынан бері пайдаланылған тұрғын үй нарығындағы жылжымайтын мүлік бойынша ұсыныстар саны 49%-ға артқан. Жаңа үйлер нарығындағы ұсыныс көлемі де өскен: 2016 жылдың қаңтар және сәуір айлары аралығында девелоперлер 2015 жылдың балама кезеңімен салыстыр­ғанда, 23% артық тұрғын үйді саудаға шыға­рыпты. Үшінші фактор - жаз кезін­дегі жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділіктің төмендеуі. Бұл да пай­даланылған тұрғын үй бағасының арзандауына себеп бола алады.

***

«Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы санында «Сүйінбай ескерткіші Анкарада» деген мақала жарияланды. «Анкара қаласының бір миллион бір жүз мыңнан астам тұрғыны бар Кешиөрен ауданы архитектуралық ерекшелігі жағынан болсын, үйлерінің орналасу тәртібі тұрғысынан да тұнып тұрған Еуропа. Табаның тиген бетте қазақ оғланын жатырқата қоймайтын ағайындық бауырмал сезімге қалай, қандай жағдайда бөленетініңді байқамай қалатының өз алдына таусылмайтын әңгіме. Сүйінбай Аронұлының атында былтыр дәл осы уақытта саябақ ашылса, биылғы орнатылған тұғыры биік мүсін Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаевтың тілімен айтқанда «бейне аспаннан өзінен-өзі салбырап түсіп, дәл осы төбеге қасқайып тұра қалғандай» әсер етеді.  Ақан Әбдуәли бастаған Алматы облысы филармониясы өнерпаздарының орындауындағы ән мен күйге түріктің сондағы еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін елтігені көңілді одан бетер желпінтіп әкетеді екен»,-деп жазады автор. Осы жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз. 

Соңғы жаңалықтар