Тұрғын үй бағасы жыл сайын 10-15% өсіп отырады – Талғат Ерғалиев
«Тұрғын үй құрылысының құны жыл сайын 10% -15%-ға өсіп отырады деп нық сеніммен айтуға болады. Бұл ең төменгі шегі. Яғни, осы пайызбен болжасаңыз қателеспейсіз. Бізде баға көктем сайын көтеріледі. Күн жылыған сайын баға да өсе береді. Өйткені құрылыс жұмыстары қызып, материалға сұраныс артады. Ал қыста ондай екпін болмайды», - деді Талғат Ерғалиев Құрылысшылар одағының отырысында.
Аталмыш шара алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Талғат Ерғалиев мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін тұрғын үй сапасына сын неге көп айтылатынын түсіндірген болатын.
«Коммерциялық тұрғын үй мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша бой көтерген тұрғын үй сапасы әртүрлі. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған баспананың сапасы неге нашар? Биыл мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй құрылысын жүзеге асыруға конкурс өткізілді. Оның қаражаты 2020 жылы бюджетке енгізіліп қойған. Ал смета тіпті 2019 жылы жасалған. Үш жыл ішінде материалдардың құны да, жұмыстың құны да қымбаттады», - деді Талғат Ерғалиев құрылысшылар одағы отырысының алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.