Тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерлерді алуға жалған көмек жасау пайдакүнемдердің заңсыз баюының көзіне айналып отыр

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Тұрғын үй бағдарламасы бойынша үлестірілетін пәтерлерді алуға жалған көмек жасау пайдакүнемдердің заңсыз баюының көзіне айналып отыр.

Тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерлерді алуға жалған көмек жасау пайдакүнемдердің заңсыз баюының  көзіне айналып отыр

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысында әрқайсысы 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға Нұрғалиева мен Биссалиева сотталды. Олар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алуға көмектесемін деген сылтаумен 4 азаматтың 30 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражатын ұрлаған.

Ресми өкіл алаяқтардың заңсыз баюының тағы бір әдісі болып жер телімдерін алуға жалған көмек жасау табылатынын атап көрсетті, Мәселен, Алматы облысында Қыпшақов 6 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Ол 4 азаматқа Талғар және Іле аудандарында жер телімдерін беремін деген желеумен олардан 95 мың АҚШ долларын алған.

Астанада Рахманов пен Ахметов әрқайсысы 3 жылдан шартты түрде бас бостандығынан айыруға сотталды. Олар Гольф-клуб аумағында жер телімін алып береміз деген сылтаумен Б. деген азаматтың 10 мың АҚШ долларын жымқырған.