17:34, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Тұрғын үй бағдарламасына акционерлік қоғамға айналған оқу мекемелерінің педагогтары да қамтылуы тиіс ? Б. Смайлов
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тұрғын үй бағдарламасына бұрынғы мемлекеттік оқу орындарының, қазіргі күні акционерлік қоғамға айналған оқу мекемелерінің педагогтары да қамтылуы тиіс.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Бауыржан Смайлов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін, қаңтардың 28-інен бастап «Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде елордада азаматтардың өтініштерін қабылдау жүргізіледі. Осы бағдарламаға қатысты шыққан Үкімет қаулысында баспананың кімдерге берілетіні айқындалған. Бұның ішінде балалы жас отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік кәсіпорындар мен әлеуметтік саланың қызметкерлері қамтылып отыр. Бірақ, білім беру саласындағы бұрын мемлекеттік кәсіпорындар болып саналған, қазіргі таңда акционерлік қоғамға айналған мекемелердің жұмысшылары ендігі күні мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайтын болыпты», деді Б. Смайлов. Оның айтуынша, Астана қаласындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Ақмола медицина академиясы және басқа да осындай оқу орындары бағдарлама аясындағы баспаналы болу құқығынан айырылып қалған. «Осыған байланысты Үкімет басшысынан бағдарлама ережесіне бұрынғы мемлекеттік оқу орындары, ал қазіргі күні акционерлік қоғамдарға жұмыс істеп жүрген педагогика мамандарын қосу жөнінде тиісті түзетулер енгізу мүмкіндігін сұраймын», деді депутат.