Тұрғын үй қатынастары мәселелерін қамтыған құжат қабылданды - Мәжіліс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді қарап, бұған келісімін берді. Еске салайық, бұған дейін сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған құжатқа 15 түзету енгізіп қайтарған еді.
Айта кетейік, құжат бойынша тұрғын үй қатынастары саласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдары енгізіледі. Мемлекеттік тұрғын үй алуға үміткер адамдардың тобын анықтау мақсатында «бюджеттік ұйымдар» ұғымы енгізіледі. Сонымен қатар, уәкілетті органдардың тұрғын үйге қойылатын техникалық талаптары бойынша құзыретін анықтау қарастырылып, кондоминиум нысанын басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді.
Бұдан бөлек, қабылданған заңда көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғанға дейін олардың кезегін сақтау, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың тұрғын үйге сөзсіз құқығын сақтай отырып, олардың арасында пәтерлер бөлу үшін ең кемі жиырма пайыздық квота бекіту туралы ұсыныстар да қабылданған.
Енді құжат Мемлекет басшысына қол қою үшін жолданады.