Тұрғын үй қатынастары саласында кондоминимум нысанын басқару қызметінің ашықтығы қамтылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Еске салайық, құжаттың мақсаты қолданыстағы заң актілеріндегі қайшылықтарды жою, сыбайлас жемқорлық қылмысқа ықпал ететін нормаларды алып тастау арқылы заңнаманы жетілдіру болып табылады. Бұдан бөлек, құжат тұрғын үй қатынастары саласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдарын енгізу, мемлекеттік баспана алуға үміткер адамдардың тобын анықтау үшін бюджеттік ұйым ұғымын енгізуді қарастырады. Уәкілетті органдардың тұрғын үйге қойылатын техникалық талаптары бойынша құзыретін анықтау қарастырылып, кондоминимум нысанын басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді.
Сонымен қатар, кондоминиум нысандарын басқару органдарына қатысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша құқық бұзушылықтардың жаңа құрамы, тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға «бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» туралы жаңа ұғым енгізіледі. Сонымен қатар, заң жобасында көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғанға дейін олардың кезегін сақтау, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың тұрғын үйге сөзсіз құқығын сақтай отырып, олардың арасында пәтерлер бөлу үшін ең кемі жиырма пайыздық квота бекіту туралы ұсыныстар да қабылданған.
Талқыдан соң комитет заң жобасын палатаның қарауына ұсыну туралы шешім қабылдады.