Тұрғын үй қатынастарын реттеуге бағытталған заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Тұрғын үй қатынастарын  реттеуге бағытталған заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген және мемлекеттік тұрғын үйге иелік ету саласында тұрғын үй заңнамасын жетілдіруге бағытталады. Атап айтқанда, мемлекеттік тұрғын үй қорын коммуналдық тұрғын үй қоры, мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қоры және мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қоры деп, олардың аражігін ажырату бөлігінде тұрғын үй қатынастары заңнамасын жетілдіру көзделеді.

Тоқтала кететін жайт, қолданыстағы заңнамада мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қоры мен мемлекеттік кәсіпорындардың қарамағындағы тұрғын үйлер ғана мемлекеттік тұрғын үй қорының құрамында болуы көзделеді. Сонымен бір мезгілде, орталық атқарушы органдар мен басқа мемлекеттік мекемелердің балансында мемлекетке тиесілі тұрғын үйлер баршылық. Алайда, меншіктің осы түрі заңнамада көзделмеген. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар беретін тұрғын үйлер қызметтік тұрғын үй немесе қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үй деп бөлінеді. Олардың құықтық мәртебесінде елеулі айырмашылықтар да белгіленіп отыр. Сонымен бірге, заң жобасы бойынша мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын үй беру тәртібі мен шарттарын нақтылау, осындай үйді жекешелендіру тәртібін анықтау, апатты үйлерден азаматтарды көшіру проблемасын шешу шаралары қарастырылады. Заң жобасында тұрғын үйді жекешелендіруге шектеу қоюлар де көзделген. Атап айтқанда, белгіленген санитарлық және техникалық талаптарға жауап бермейтін, әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық нысандар аумағында орналасқан, ерекше табиғи аумақтарда салынған тұрғын үйлер жекешелендіруге жатпайды.

Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар тарапынан құжаттың сапасын жақсартатын бірқатар түзетулер жасалған. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.