Тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелеріне арналған заң жобасы Мәжіліске қайтарылды
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады.
Нәтижесінде заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізіліп Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы кондоминиум нысандарын басқаруды жетілдіру, тұрғын үй қорын тиісті талаптарға сай ұстау және оған қажетті қаржыландыру мәселелерін шешу мақсатында әзірленген. Сонымен қатар заң жобасы тұрғын үй қорын тиімді басқару үшін осы салада қайта құру жұмыстарын жүзеге асыруды көздейді. Осы мақсаттарды іске асыру үшін заң жобасымен «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңдары мен Азаматтық және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туры кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұндай өзгерістер Үкіметтің тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу жөніндегі құзіретін нақтылауды қарастырады. Бұдан басқа, басқару органдарының және кондоминиумға қатысушылардың тұрғын үй заңнамасын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу, тұрғын үй инспекциясы жүзеге асыратын мемлекеттік бақылауды орнату шаралары да көзделіп отыр. Сонымен бірге, жобаға сәйкес кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күрделі жөндеуді қаржыландыру мақсатында пәтерлердің меншік иелеріне екі банктік шот ашу құқығы беріледі. Бұның бірі ағымдағы жөндеу үшін қарастырылатын шығындар шоты болса, екіншісі ортақ мүлікті күрделі жөндеуге арналған сомаларды жоспарлы немесе біртіндеп жинақтау үшін ашылады.
Жобаны талқылау барысында сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған құжатқа бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтар болсақ, жоғары палата депутаттары тұрғын үй қорын күтіп ұстау ережелерін сақтауға бақылау жасайтын инспекцияның өкілеттігін нақтылауды ұсынады. Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдардың пәтер иелерінің жиналысын өткізуге өз бетінше бастамашылық жасау құқығын көздейтін түзету жасалып отыр. Бұдан басқа бірқатар өзгертулер заң техникасын жақсартуға, редакциялық және нақтылаушылық сипатта болып отыр.