«Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығын реформа күтіп тұр» - республикалық басылымдарға шолу

Кеше Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ғимаратында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен компанияның өткен жылғы атқарған жұмыстарын талқылауға арналған кеңейтілген жиын болып өтті. Оған аталған компанияның президенті Асқар Мамин, Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы Құсайынов және тағы басқа сала мамандары қатысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Теміржолшылар жыл қорытындысын жариялады» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Мемлекет басшысының экономикалық стратегиясын жүзеге асыруға қолдау көрсеткен компания қызметкерлері жылды 15 млрд. теңге көлемінде таза пайдамен аяқтап отыр. 2009 жылғы кіріс көлемі 500 млрд.теңгені құраған. Ал бұл сан алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 пайызға жоғары. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-та дағдарысқа қарсы бағдарламаға орай әкімшілік және басқа да шығындарды ықшамдау есебінен 28 млрд. теңге үнемділікке қол жеткізілген» , деп жазады басылым.
Премьер-Министрдің қатысуымен өткен алқалы жиынға орай «Айқын» газетінде де мақала басылды. Басылымның жазуынша Үкімет басшысы компания алдына шілденің 1-іне дейін Атбасардағы электровоз шығаратын зауыт пен Екібастұздағы жүк вагондарын жасайтын зауыттың құрылысын аяқтауды тапсырған.
Сонымен қатар бұл жиынға қатысты мақалаларды «Казахстанская правда», «Литер», «Экспресс-К» басылымдарынан да егжей-тегжейлі оқуға болады.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат бюросының отырысы болып, онда палатаның қаңтардың 15-інде болатын кезекті жалпы отырысының күн тәртібін белгілеу туралы комитеттердің ұсыныстары қаралған.
«Үкімет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторын дамыту ісін нақты қолға алмақ. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту жайы қаралды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, қазіргі таңда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ел экономикасының ірі секторларының бірі болып отыр. Осы салада 200 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Бұл Қазақстан өндірісінде еңбек етіп жатқан халықтың жалпы санының 18 пайызын құрайды. Коммуналдық кәсіпорындардың кіріс көлемі 500 млрд. теңгені құрайды. Бұл мемлекеттің жалпы өнімінің 3 пайызынан асып түсетін қаражат. Айтылған жайттың егжей-тегжейін басылымның бүгінгі санында жарияланған
«Халықты толғандыратын мәселе» атты мақаладан оқи аласыздар.
Үкіметтің алғашқы отырысы жайындағы мақала «Айқын» газетінде «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын реформа күтіп тұр» деген тақырыппен басылған. Басылымның жазуынша, алдағы 5 жылда аталған саланы дамытуға және жаңғыртуға 300 миллиард теңге бағытталмақ.
Ал осы жайтты қаузаған келесі мақала «Алаш айнасы» газетінде «Жеті-ақ минутқа созылған жиын» деген тақырыппен жарияланған. «Елімізде барлығы 270 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үй болса, оның 50 миллион шаршыметрден астамы немесе 32 пайызы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді екен. Ал тағы 4 миллион шаршы метрі апатты жағдайда тұр. Яғни, еліміздегі жекеменшік үйлердің 2 пайызы күйреудің аз-ақ алдында тұр деген сөз», деп жазады басылым.
Ал «Казахстанская правда» газетінің жазуынша, 2009 жылы осы мақсатқа «Жол картасы» шеңберінде 61 миллиард теңге бюджет қаржысы бөлінген. Соның арқасында жылу, электр газбен жабдықтау, сумен қамту желілері жөндеуден өткізіліп, ішінара жаңадан салынған.
Ертең Венада Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына кірісуіне арналған мәжіліс өтеді. Осы айтулы шараға орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Қарсаңда» атты мақала берілді. Онда Қазақстан мен Австрия арасындағы саяси-экономикалық байланыстарға шолу жасалған, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың бірқатар шетелдік басылымдарға сұхбат бергендігі жазылған.
Осы айтулы шараға орай «Казахстанская правда», «Литер», «Экспресс-К», «Айқын» және басқа да басылымдарда мақалалар жарық көрді. Мәселен, «Казахстанская правда» басылымының арнаулы тілшісінің Венадан хабарлауынша, Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысының Австрия Республикасына келгеннен кейінгі алғашқы кездесуі осы елдің еуропалық және халықаралық істер федералдық министрі Михаэл Шпинделеггермен болған. Кездесу барысында Қ.Саудабаев өз әріптесін ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтарын, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын таныстырған.
***
Таяуда бірқатар шетелдік БАҚ-тарда Қазақстан Иранға 450 миллион долларға 1,35 тонна уран концентратын сатпақ деген мазмұнда жалған ақпарат тараған болатын. Осыған орай «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қазақстан Иранға уран сатпайды!» деген мақала жарияланды. Мақалада еліміздің Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Әсет Мағауовтың «жалпы, ақпарат құралдарында жарияланған бұл хабар негізсіз, қауесет болып табылады. Біріншіден, республикада уран экспортын бақылау жүйесі жолға қойылған және заңсыз саудаға ешқандай мүмкіндік жоқ! Елімізден мұндай химиялық, радиактивтік заттарды сыртқа шығаратын мекемелер толық бақылауда», деген сөзі келтірілген.
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - театр сыншысы Әшірбек Сығай. «Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың бәрі де қазаққа қарыздар» деген тақырыппен берілген екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның сәрсенбілік нөмірінен оқи аласыздар.
«Дария деңгейі тағы дүрбелең туғызбай ма?». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» басылымында жарық көрген мақалада Сырдарияның тасып, өзен бойындағы халыққа қауіп тудыруы мүмкін бе деген сауалды қаузаған. Басылымның жазуынша, бүгінгі таңда Қызылорда облысы аумағына дария арқылы секундына 370 текшеметр су келіп жатыр. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 140 текше метрге артық екен. Осыған орай басылым Арал-Сырдария алаптық су шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Жұмахан Нұрсейітовтің пікірін берген. «Алдағы ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысында салынып жатқан «Көксарай» су реттегішінің алғашқы кезеңі пайдалануға берілетін көрінеді. Ол 1 миллиард текше метрге жуық көлемде су қабылдайтын болса, қазіргі түйткілді мәселе толықтай шешіледі деуге негіз бар», депті ол.
«Экспресс-К» газетінің жазуынша, Бангкокта ұсталған Ил-76 ұшағының ұшқыштары туыстары арқылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдаған. Онда ұшқыштар Мемлекет басшысынан өз тағдырларына араша түсуін өтінген.