Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы тоқтатылмайды - Б. Сағынтаев

АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы тоқтатылмайды. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осылай мәлім етті.
None
None

Заң жобасын талқылау барысында депутат Нұрлан Жазылбеков тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі бағдарламаны сынға алған болатын. «Бұған халықтың шағымы күн сайын артып келеді. 2011 жылы бұл бағдарламаға бюджеттен 10,5 млрд. теңге бөлінсе, 2013 жылы өңірлердегі қажеттілік 26 млрд. теңгені құрағанына қарамастан, бірде бір тиын бөлінген жоқ. 2014 жылы Үкімет 8 млрд. теңге ғана бөледі. Бұл нені білдіреді? Аталмыш бағдарлама керек емес болғаны ма?», - деп сұрады депутат Н. Жазылбеков.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бағдарламаның бас кезінде көптеген мәселелер туындағанын, тіпті тұрғындарды осы бағдарламаға қатысуға көндіру жұмыстары да атқарылғанын тілге тиек етті. «Ал бағдарлама басталғанда оған жұмсалатын қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз ететін бірнеше тетіктер қараған едік. Біз соның тек бір тетігіне ғана тоқталатын болдық. Биыл еліміз бойынша жергілікті атқарушы органдардан осы бағдарламаға қатысты көптеп қаражат сұрала бастағаны да рас. Алайда, бұл мәселені зерттеу барысында біз сол тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтарға тап болдық және алдымен осы проблемаларды шешіп алуымыз керек еді», - дейді Б. Сағынтаев. Оның айтуынша, бүгінгі күні бағдарлама тоқтаған жоқ, қолға алынған барлық жұмыстарды қаржыландыру шаралары қамтылып жатыр.

«Біз 2014 жылға 8 млрд. теңге қарастырып отырмыз. Ал сол қаражаттың игерілуіне қарай, келер жылғы бюджетті нақтылау барысында осы мәселеге қайта назар аударатын боламыз», - деді Б.Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар