Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға республикалық бюджеттен 50 миллиардқа жуық теңге бөлінеді
АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат - Наурыздың 13-інде Премьер-Министрдің орынбасары С.Ахметовтың қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін дамыту мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткенін бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.
ҚазАқпарат оқырмандарға осы тақырып бойынша ақпараттық-анықтамалық материалды ұсынады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында «Бізде еңбек рыногын дамыту үшін мүмкіндіктер бар, оларды ойлап табудың қажеті жоқ. Нақ осыған біз қосымша бөлінген қаражатты жұмсаймыз. Біріншіден, бұл коммуналдық желілерді қайта жарақтандыру және жаңғырту. Бұл ? сумен қамтамасыз ету, жылумен қамтамасыз ету, энергетика мен кәріз сулардың нысандары мен желілері.
Үкіметке әкімдермен бірлесіп осы мақсатқа кететін қажетті шығындарды анықтауды, жұмыстарды қаржыландыруды ғана емес, сонымен бірге бюджеттен бөлінген әрбір теңгенің пайдаланылуын қатаң бақылауды тапсырамын.
Бұл көзге көрінбейтін жұмыс, бірақ та бізге оны бәрібір істеуге тура келеді. Ол ? болашақ дамудың негізі. Бұл қалалар мен жергілікті орындарда орасан көп жаңа жұмыс орындарын ашудың мүмкіндігі. Біз халқымыздың сатып алу қабілетін арттырамыз. Егер парасатпен жұмыс істей білсек, босаған адамдарды жаңа мамандықтарға үйрету керек.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты әлдеқашан-ақ ретке келтіру керек еді. Келіңіздер, қазір осымен айналысайық», - деген болатын. Елбасы Жолдауында жария етілген тапсырмаларды орындау аясында республика Үкіметі бекітіп отырған жол картасына сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін қайта құру және дамыту жөніндегі іс-шаралардың жоспарында жүйе жұмысының тиімділігін арттыру қарастырылған. Бұл бастама әлемдік дағдарыстың әсерін сумен қамтамасыз ету, кәріз, жылумен жабдықтау және электр қуатын жеткізу желілерін жөндеу жұмыстарын қамтамасыз етуге қатысты пайдалануға мүмкіндік береді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға республикалық бюджеттен 50 миллиардқа жуық теңге бөлінеді, бұл қаражат сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйелерін, жылумен жабдықтау және электр қуатын тарату нысандарын қайта жөндеуге және жаңаларын салуға жұмсалады. Аталмыш шараларды жүзеге асыру барысында жаңа жұмыс орындары да ашылады деп пайымдалуда. Бұл бағыттағы шаралардың аймақтық операторлары болып жергілікті атқарушы органдар таңдалды. Жергілікті атқарушы органдар өз күш-жігерлерін Халықты жұмыспен қамту, кадрларды қайта дайындау, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық саладағы жұмыстарды орындау стратегиясын жүзеге асыруға жұмылдыратын болады.Сондай-ақ негізгі өндірістерден уақытша босаған адамдарды пайдалану, кадрларды қайта дайындау, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу жөніндегі міндеттерді де қатар шешу жоспарлануда. Оған қоса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын қайта жаңарту және салу ісі саланы жаңғыртуға, тұрғын үй-коммуналдық сектордың жұмыс тиімділігін және орнықтылығын арттыруға көмек болғалы отыр. Селекторлық кеңес барысында Астана, Алматы, Семей қалаларының, сондай-ақ Қостанай облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеуге, қайта жаңартуға қатысты қажеттіліктері мен осынау жобаларды жүзеге асыруға қажетті еңбек ресурстарының, тауарлар мен қызметтердің ауқымын анықтау бойынша ұсыныстары тыңдалды.
ҚазАқпараттың анықтамасы: Елбасының наурыздың 6-сында Қазақстан халқына жасаған «Дағдарыстан ?дамуға» Жолдауының негізгі бағыты халықты жұмыспен қамту мәселелері болып табылады. Премьер-Министрдің 2008 жылғы желтоқсанның 30-ындағы №294-р өкімімен құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы облыстар мен Астана және Алматы әкімдіктерінің дағдарысқа қарсы бағдарламаларына сәйкес босайтын жұмыс орындарымен жаңа жұмыс орындарының
Болжамдық көрсеткіштерін анықтау жөніндегі біраз жұмыстар жүргізді. Жергілікті атқарушы органдардың пессимистік болжамдары бойынша, жағдай қиындаған тұста 143,9 мың адам жұмыстарынан босатылады екен. Ал аймақтардың дағдарысқа қарсы бағдарламаларына сүйенсек, 2009 жылы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың, жеке инвестициялардың есебінен 189 мың жаңа жұмыс орнын ашу болжануда. Тағы бір айта кететін жайт, Елбасы өңірлік жұмыспен қамтуды және кадрлардың қайта даярлануын қамтамасыз ету үшін Үкіметке кем дегенде 140 миллиард теңге бөлуді тапсырды. «Жергілікті бюджеттерден де жұмыспен қамту стратегиясын бірлесе қаржыландыруға ресурстар бөлінуі тиіс. Жұмысынан айырылғандар үшін жаңа жұмыс орындарын құратын боламыз. Біз қазіргі қоғамдық жұмыстарды есептемегенде, кем дегенде 350 мың қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ете аламыз. Бізде еңбек рыногын дамыту үшін мүмкіндіктер бар, оларды ойлап табу қажет те емес. Нақ осыған біз қосымша бөлінген қаражатты жұмсаймыз», деді Н. Назарбаев. Ондай қаражат көзі Ұлттық қорға есептеліп келген шикізаттық сектордың табыстарынан әрі бюджеттік үнемдеулер мен қысқартулардан айқындалып отыр.