Тұрғын үй-комуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына сенім жоғалып барады - Д. Назарбаева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтар тарапынан елімізде жүзеге асып жатқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына сенім жоғалып барады. Бүгін Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңес отырысында Мәжіліс төрағасының орынбасары, фракция жетекшісі Дариға Назарбаева осылай мәлімдеді.
Еске сала кетейік, жиында еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту барысы талқыланған болатын. «Жаңғырту бағдарламасындағы көптеген мәселелер негізінен азаматтардың бағдарламаға сенімімен тығыз байланысты еді, ал бұндай сенім жоғалып барады. Туындаған мәселелер де осында жатыр. Өйткені, жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Сондық, бұдан кейін халықты бағдарламаға қалай тартуға болады?» - деді жиында сөз сөйлеген вице-спикер. Оның сөзіне қарағанда, бағдарламада өкілетті органның барлық ережелер мен нормативтерді, талаптарды белгілемеуі біршама проблемалар тудырған. Сондықтан да, фракция жетекшісі барлық жағдайлар ескерілуі тиістігін, азаматтар әлі өздігінен басқаруға дайын еместігін алға тартты.
«Алгоритмді, стандарттар мен нормативтерді анықтау қажет. Ал бұндай шара негізінен тұрғындардың өз міндетін адал орындамаған мердігерлерге тәуелді болмауы үшін жасалуы шарт. Егер келісім бойынша мердігер өз міндетін орындамаса, содан сұрау болуы керек. Бірақ, бүгін жауап беріп жатқан ешкімді көрмейміз», - деді Д. Назарбаева.