Тұрғын үй куәліктері қашан жаппай беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй куәліктерін заңдастыру шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде тұрғын үй куәліктерінің екі түрі бар. Біреуі тегін, яғни оны қайтармауға болады. Оны жергілікті атқарушы органдар өз еркімен беріп жатыр. Ал екіншісі, ол - қайтарылатын тұрғын үй куәліктері. Қазіргі кезде біз Парламент Мәжілісіне бірқатар нормативтік өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Соның аясында тұрғын үй куәліктерін таратудың нақты шарттары бекітіледі. Сол кезде ондай куәліктің нақты сомасы және кімге берілетіні айқындалады. Осыны тездетіп бітірсек, халыққа тұрғын үй куәліктетірн жаппай беруге мүмкіндік болады», - деді Қ.Өскенбаев бүгін мемлекеттік қызметті жаңа форматта қалыптастыруға арналған панельдік сессияда.
Аталған жиын «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі қарсаңында өтті.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында Астананың әкімі Бақыт Сұлтанов 100 адамға тұрғын үй куәліктерін табыстаған болатын. Әрбір куәліктің мөлшері - 1 миллион теңге. Аталған ақшаны тек ипотекалық баспананың алғашқы жарнасы ретінде ғана қолдануға болады. Ал пәтерді үш айдың ішінде табу қажет. Демек, осы жылы наурыздың аяғына дейін пәтер табылмаса, ақшаны бюджетке кері қайтаруға тура келеді.
«Бұл «7-20-25» бағдарламасы емес. Дегенмен, банктің ішкі шарттары соған ұқсас. Салымшы алғашқы жарнаның 20 процентін жинауы тиіс. Содан кейін 7 проценттік ипотека 25 жылға беріледі. Бірақ пәтерді үш айдың ішінде тауып, ипотеканы рәсімдеп алу қажет. Үй жаңа тұрғын үйден алынуы шарт. Әйтпесе, әкімдіктің ақшасы бюджетке кері қайтарылады. Әзірше ол ақша арнайы есепшотта жата береді. Барлық шарттар орындалғаннан кейін есепшот ашылады да, алғашқы жарна ретінде салымшының қаржысына қосылады», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Астана қаласындағы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
Биыл Астана әкімдігі 2000 тұрғын үй куәлігін таратуды көздейді. Соның тең жартысы мұғалімдерге беріледі.