Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Үкіметтің тиісті Қаулысынан кейін азаматтардың салымдарын өтейтін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларға валюта бағамының өзгеруіне байланысты туындаған шығынды өтеуді Үкіметтің тиісті Қаулысынан кейін бастайтын болады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне банктің қоғаммен байланыс басқармасы хабарлады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Үкіметтің тиісті Қаулысынан кейін азаматтардың салымдарын өтейтін болады

«Банк Үкімет Қаулысын, яғни ресми құжатты күтіп отыр. Сол кезде ғана біз өтемақы төлеудің нақты тетіктері туралы айта аламыз», - деп атап өтті ТҚЖБ өкілдері.

«Теңге бағамының түзетілуінен кейін Мемлекет басшысы Үкіметке «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларының қаражаттарын сақтаудың жеке тетіктерін жасауды тапсырған болатын. «Бәйтерек» басқарушы холдингі, Қаржы министрлігімен, Экономика министрлігімен, Инвестициялар және даму министрлігімен және ҚР Ұлттық банкімен бірге валюта бағамының айырмасын қайтарудың ұтымды тетіктері жасалды. Айта кету керек, салымның сомасына және көлеміне шектеу қоймайды», - деп атап көрсетілген «ҚазАқпарат» агенттігіне берілген жауапта.

Банктің хабарлауынша, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына шығынды өтеу туралы шешім 2015 жылы қабылданған. ТҚЖБ салымшыларына валюта бағамының айырмасын қайтару үшін бюджет қорынан 36,9 млрд. теңге қарастырылған.

Бұның алдында Экономика министрі Ерболат Досаевтың мәлім еткеніндей, 20,9 млрд. теңгелік алғашқы транш 2016 жылы бөлінеді. Қалған 16 млрд. теңге 2017 жылы үлестіріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар салымшыларға шығынды өтеуді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ өз қаражаттары есебінен қарастырып отыр.

«Банк салымшыларымен қосымша келісімшарт жасау бойынша жұмыстар Үкіметтің қаражатты бөлу туралы тиісті Қаулысынан кейін басталады. Құжаттарды қабылдау мерзімі мен нақты уақыты туралы ақпарат салымшыларға хабарланатын болады. Тиісті хабарламалар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің сайтында және БАҚ-та жарияланады», - делінген банктің ресми жауабында.

ТҚЖБ баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, валюта бағамының айырмасын өтеу салымшылардың өз міндеттемелерін ұқыпты орындаған жағдайда, сонымен қатар депозиттің бір жыл көлемінде сақталғанда ғана орын алады.