Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұзын-сонар кезек мәселесін қалай шешкелі отыр

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ләззат Ибрагимовадан Астанадағы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ғимаратындағы халықтың ұзын-сонар кезегі, клиенттердің банк менеджерімен тілдесу үшін жарты күнге дейін күту мәселесі бойынша сұрақ қойылды.
«Біз ол мәселені шешеміз. Халықтың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қатысты қызығушылығы артып келеді. Қазіргі таңда банк қызметінің екі орталығын қайта орналастыруды қарастырып, Астанада жаңа банктің бөлімшесін ашуды жоспарлап отырмыз. Клиенттердің ағымы өте үлкен. Сонымен қатар, кезекті азайту үшін көптеген операцияларды интернет-банкингте көбейту жұмысы қолға алынады. Өздеріңіз білетіндей, онлайн-қызметті іске қосқан едік. Адамдар банкке келмей-ақ өз үйінде ұялы телефонымен бірқатар операцияларды жүргізе алса дейміз», - деді Ләззат Ибрагимова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Ол сонымен бірге, банктің филиалдарын ыңғайлы орынға орналастыру көзделіп отырғанын атап өтті.
«Жаңа нормативтерді енгізе отырып, жуықта директорлар кеңесі бізге өте көп көмектесті. Яғни, біздің банкте ауқымды залдар болады. Сондықтан, жыл соңына дейін біздің банктің жаңа филиалы ашылар деген ойдамын», - деді Ләззат Ибрагимова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ләззат Ибрагимова Қазақстанда 6 мың әскери қызметшіге жеңілдетілген займ берілетінін мәлім еткен еді.