Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жеке баспана салуға 70 млрд. теңге бөлуге дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жеке меншік тұрғын үй құрылысына 70 млрд. теңге бөлуге дайын.
None
None

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Министрдің айтуынша, облыс орталықтарында жеке меншік баспана құрылысын  дамыту үшін жаңа ілкі жобаны қолдану ұсынылады. Оның негізгі міндеттері мынадай: бірыңғай құрылыс салушы арқылы бірыңғай сәулеттік үлгіде жеке тұрғын үй салу;  үй құрылысы комбинаттарының технологияларын қолдану арқылы тұрғын үй құнының қолжетімділігін қамтамасыз ету; кезекте тұрған азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдікпен қарыз беру арқылы жеке тұрғын үй құрылысын қаржыландыру.

«Ілкі жобаға қатысушы кезекте тұрған азаматтар жер учаскесімен бірге және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген дайын үйді өздері сатып алуға немесе үйді сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен несие алуға құқылы. Бүгінгі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өзінің меншікті қаражаты және қарыз қаражатының есебінен 70 млрд. теңгеге дейін қарыз беруге дайын. Түпкілікті қарыз алушының сыйақы мөлшерін 5 пайызға дейін төмендету үшін мемлекет ипотекалық несие беруді қолдау бағыты аясында сыйақы құнының 7 пайызына дейін субсидия беретін болады», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, осы тәсіл бойынша кезекте тұрған азаматтар үшін ай сайынғы төлем алғашқы 5 жылда 70 мың теңгені, кейінгі 10 жылда 56 мың теңгені құрайтын болады.

Соңғы жаңалықтар