«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары 23,66 млрд. теңге көлемінде өтемақы алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымдар бойынша 23,66 млрд. теңге сомасына өтемақы төледі. Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы Ерболат Досаев айтты.
Е.Досаев атап өткендей, Мемлекет басшысының «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына өтемақы төлеу туралы тапсырмасы бойынша бүгінде республикалық бюджеттен 20,9 млрд. теңге бөлінді, деп жазады Pm.kz.
«2016 жылдың мамыр айында ТҚЖБ ағымдағы есепшотына 15,8 млрд. теңге бағытталды, бүгінде өтемақы төленуге жалпы депозиттік базасының сомасы 171 млрд. теңге көлеміндегі 467 мың 420 салым жатады», - деп нақтылады ол.
Е.Досаевтың айтуынша, банк 2016 жылдың 24 маусымынан бастап өтемақы аударуға кіріскен.
«2016 жылдың бірінші шілдесіндегі жағдай бойынша жалпы салымдар сомасы 143,7 млрд. теңгеге 322 мың 860 қосымша келісімге қол қойылған. Бұл мерзімдегі мәлімет бойынша 23,66 млрд. теңге сомасына 240,503 салым бойынша өтемақы төленген», - деп ақпараттандырды холдинг басшысы.