Тұрғын үй құрылысы бойынша жылдық жоспардың 45 пайызы орындалды
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 6,6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй тапсыру көзделген.
Бұл туралы бүгін Өңірлік даму министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
Ағымдағы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша барлық қаржы көздері арқылы баспана құрылысына 212,7 млрд. теңге бағытталды. 3 млн. шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Бұл жылдық жоспардың 45 пайызы. Оның ішінде 1,8 млн. шаршы метрі немесе 60 пайызы жеке тұрғын үй құрылысының үлесінде.
«Мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдардың есебінен 288,8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Мемлекеттік сектор республикада жалпы тапсырылатын тұрғын үйдің 10 пайызын қамтып отыр»,-деді вице-министр.
Сонымен қатар ол 1 шілдедегі мәліметтер бойынша республика аумағында 3 264 үлескердің қатысуымен 16 нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отыр.