14:17, 15 Қазан 2015 | GMT +5
Тұрғын үй құрылысы саласындағы жаңа заң жобасы үлескерлердің құқығын қорғауға бағытталады - Қ.Өскенбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде ілеспе түзетулерімен бірге «Тұрғын үй құрылысына үлескер ретінде қатысу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Жаңа заң жобасын таныстырған ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бұл заң жобасы ең алдымен үлескерлердің құқығын қорғауға бағытталған дегенді алға тартты.
«Бұл заң жобасында құрылыс немесе құрылыс материалдарына өтемақы төлеу туралы мәселе айтылмаған, керісінше, үлескерлердің құқығын қорғауға көп назар аударылған», - дейді Қ.Өскенбаев.
Оның айтуынша, заң жобасы тұрғын үй құрылыс саласына үш жаңа тетік енгізбек. Біріншісі, кепілдендірілген Тұрғын үй құрылыс қорын құру тетігі, екіншісі - жобаға екінші деңгейлі банктерді тарту, ал, үшіншісі - үлескерлерді тұрғын үйдің негізгі қаңқасы қаланғаннан кейін ғана үлескер ретінде тарту тетігі.