Тұрғын үй құрылысына 22,4 млрд теңге бөлінді - Қостанай облысы

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Соңғы үш жылда Қостанай облысында тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 5 есеге өскен. Бұл туралы әкімдікте өткен жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Талғат Болатов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тұрғын үй құрылысына 22,4 млрд теңге бөлінді - Қостанай облысы

Ведомство басшысы айтқандай, соңғы 10 жылда тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету үлесі 30%-ға артқан. Бүгінде баспанамен қамту көрсеткіші бір адамға 21,8 шаршы метрден келеді.

«Аталмыш көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру туралы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде баса айтылған. Осы міндетті орындау барысында біз тұрғын үйді пайдалануға беруді жыл сайын 10%-ға өсіруіміз қажет. Биыл 269 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілмек. Жалпы, соңғы үш жылда Қостанай облысында тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 5 есеге ұлғайды», - деді Талғат Болатов.

Айта кетейік, Қостанай облысында тұрғын үй салу соңғы жылы әлдеқайда жоғары қарқын алды. Былтыр 2164 пәтер және 482 жеке тұрғын үй қолданысқа берілді. Баспаналардың жалпы аумағы 264,7 мың шаршы метрге тең. Облыс бұл нәтиже бойынша республикада үшінші орында келеді.

Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов құрылыс салудың жаңа әдістерін қарастыруды тапсырды.

«Қазір «Нұрлы жол» бағдарламасының барлық бағыты бойынша қаржыландыру көздері табылды. Мәселен, биыл біз тұрғын үй құрылысы саласына 22,4 млрд теңге бөлдік. Меніңше, аталған қаржы жыл соңына дейін 30 млрд теңгеге жетеді. Инвестиция тетіктерін қарастырып жатырмыз»,- деді Архимед Мұхамбетов.