Тұрғын үй құрылысына бөлiнетiн қаражат қысқартылады - сенатор

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бюджеттiк бағдарламаларды оңтайландыру барысында тұрғын үй құрылысына бөлiнетiн қаражат 5-10 млрд теңгеге дейiн қысқартылуы ықтимал. Бұл туралы бүгiн ҚР Парламентi Сенатының депутаты Ахан Бижанов мәлiм еттi.

Тұрғын үй құрылысына бөлiнетiн қаражат қысқартылады - сенатор

"Тұрғын үй мәселесi жөнiнде бiзде бюджетте өзгертулер болады. Оны ашық айту керек. Бiз бұның алдындағы бюджетте жоспарлаған 30 млрд теңгенi 20-25 млрд теңгеге дейiн қысқартамыз ба деген ойымыз бар. Бұл әлi қаралады", - дедi сенатор.

Оның сөзiне қарағанда, мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қаражат аз бөлiнгенiмен, жалпы құрылыс саласында өсiм болады деп жоспарланған.

"Жалпы құрылыс саласында бiз жылда 6 млн шаршы метр үй салатынбыз. Бюджеттен қаралатын қаражатты халықаралық дағдарысқа байланысты бiз азайтамыз. Ал жалпы қарағанда, республика бойынша құрылыс саласында 2-3 пайыз өсiм болады деп жоспарлануда", - деп атап өттi Ахан Бижанов.