Тұрғын үй құрылысына қатысатын үлескерлердің тәуекелдері барынша азайтылады - ҰЭМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылысына қатысатын үлескерлердің тәуекелдері барынша азайтылады. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды. Құжат үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, үлестік тұрғын үй құрылысына қатысушылардың қарым-қатынасын реттеуге бағытталған.
«Құжат жалпы алғанда тұрғын үй құрылысы саласына халықтың қаражатын тарту арқылы үлескерлердің тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталады. Бұл ретте тұрғын үй құрылысының үлестік қатысуына жаңа тәсілдер белгіленеді. Біріншіден, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бойынша кепілдіктер беру көзделеді. Екіншіден, екінші деңгейлі банктер арқылы жобаны қаржыландыруы, үшіншіден, тұрғын үй қаңқасын құрылыс салушының жеке қаражатына тұрғызу», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайнов.
Оның айтуынша, бірінші тәсіл бойынша құрылыс салушы уәкілетті қомпания құрады. Сосын оның жарғылық капиталына жер учаскесін, жобалау, сметалық хаттаманы, қаражат немесе жобалық құнынан 10-15 пайыздық көлемде аяқталмаған құрылысты кіргізеді.
«Бұл ретте құрылыс салушыда республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада кемінде 18 мың шаршы метр, өңірлерде 9 мың шаршы метр тұрғын үйлер салу және кемінде үш жыл ғимаратты салу тәжірибесі болуы керек. Соңғы екі қаржы жылындағы қызметі де шығынсыз болуы шарт. Бұдан басқа, қарыздық және меншікті капиталда арақатыстылығы жеті пайыздан аспауы керек», - деді М. Құсайынов.