Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу заңын бұзғандарға салынатын айыппұл өседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу заңын бұзғандарға салынатын айыппұл көрсеткіші өседі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу заңын бұзғандарға салынатын айыппұл өседі

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасында бұзушылықтар анықталған жағдайда құрылыс салушы мен жобалаушы ұйымның әкімшілік жауапкершілігі қарастырылады.

«Атап айтқанда, құрылыс салушы немесе жобалаушы компанияларға тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 200-ден 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл белгіленіп отыр. Ал бұл заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, құрылыс салушы компания рұқсатынан айырылады», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Бұдан бөлек, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзған инжинирингтік компанияға салынатын айыппұл да 200-300 айлық есептік көрсеткіш аралығында қаралады. Заңбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл 400 АЕК дейін артады.

«Сарапшылар заң бұзса, салынатын айыппұл 100 АЕК, қайталанса, сарапшы аттестатын қайтарып алумен қоса 200 АЕК көлемінде тағайындалады. Бұл ретте кез-келген инжинирингтік компания сарапшысының аттестаттан айырылуы сол компания қызметін 6 айға дейін тоқтатуға әкеп соқтырады», - дейді Қ.Өскенбаев.