Тұрғын үй құрылысында үлестік қатысу мәселесі бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды
АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда барлық жергілікті атқарушы органдарда құқық қорғау органдары мен мүдделі ұйымдардың қатысуымен тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу мәселесі бойынша ведомствоаралық комиссиялар құрылды. Аталған комиссиялар нысандарда түгендеу жұмыстарын жүргізеді.
Аталған нысандардың құрылысын аяқтау үшін үлескерлердің қаражаты тартылады. Сонымен қатар, осындай нысандардың құрылысын ұйымдастыратын құрылыс салушылардың жұмыстарына талдау жасалады. Бұл туралы ҚР Өңірлік даму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, егер құрылыс салушы жасалған шарт бойынша үлескердің алдындағы міндеттерін орындау мүмкіндігі болмаған немесе бірлесе инвестор азаматтардың қаражаты есебінен тұрғын үйді сату фактілері анықталған жағдайда осындай құрылыс салушы компанияларға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген қылмыстық жазаға дейін ең қатаң шаралар қолданылатын болады.
Сонымен қатар, құрылыс салушылар үшін «Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы» Заң аясынан тыс үлескерлердің ақшалай қаражаттарын тарту мүмкіндігін жоққа шығару мақсатында Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрлігі ағымдағы жылғы 15 шілдеде күшіне енген қолданыстағы Заңға тиісті өзгертулер енгізді.
Заңға енгізілген өзгертулер Заңның күшін екі жақтың барлық құқықтық қатынастарына қолдануға мүмкіндік береді. Онда бір адамның қаражатын тартып, тұрғын үй құрылысын ұйымдастырады, ал басқа адам құрылыс нәтижесі бойынша тұрғын үй-жай түрінде үлес алу мақсатында қаражат салады.