Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарған арналған бағдарламасына қатысушылар жыл соңына дейін пәтерлерін алады
АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарған арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар пәтерлерін жылдың соңына дейін алады,
деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен.
«2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 97 мың шаршы метр жерге құрылыс жүргізілді немесе 2293 пәтер салынды. Оның ішінде 2113 пәтер тұрғын үй комиссиясының қатысуымен бөлінді. Оның құрамына мемлекеттік органдар өкілдері, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, Астана қаласының мәслихаты, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері кіреді. Сонымен бірге комиссия отырысына бақылаушы ретінде ҰҚК және қаржы полициясы өкілдері шақырылады»,- деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Әкімдіктегілердің еске салуынша, бюджеттік бағдарламалар бойынша салынып жатқан барлық нысандардың құрылысы Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігімен белгіленген тәртіпте бекітіліп, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылуда. Бұзушылықтарды болдырмайтын құрылыс кестесі және сапа мониторингі жөніндегі техникалық бақылауды Құрылыс басқармасы мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекторы жүргізеді. Тұрғын үй ғимараттарындағы негізгі құрылыс құрылымдарының барлығының сапасы құрылыс нормативтері талаптарына сай келеді.
Тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасын іске асыру Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің және әкімнің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның тікелей бақылауында.