Тұрғын үй өртеніп, 80 адам қауіпсіз жерге көшірілді - Алматы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 4 қабатты тұрғын үй өртеніп, 80 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы қалалық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Оқыс оқиға Наурызбай ауданындағы «Тау самалы» шағын ауданында орын алған. Өрт туралы хабарлама таңғы 9-де кезекші пультіне түскен.
«Тұрғын үйдің шатыры өртке оранды. Қызыл жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыды. Таңертеңгі 10-ға таман өрт толығымен ауыздықталды. Өртті сөндіруге 17 арнайы техника, 56 адам жұмылдырылды», - деді баспасөз қызметінен.
Төтенше жағдай салдарынан 80 адам, оның ішінде 37 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Қалалық құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Нөкербекова Гаухардың айтуынша, тұрғындар әкімшіліктің уақытша берген тұрғын жайынан бас тартып, туысқандарының үйіне тарап кетті.
Өрттің неден тұтанғанын арнайы қызмет өкілдері анықтауда.