Тұрғын үй заемдары Қазақстанның барлық азаматтарына берілетін болады - заң жобасы
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Аталған заң жобасы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың 2010 жылғы халыққа Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. «Құжат бүгінгі күні іске асырылып жатқан тұрғын үй құрылысы бағдарламасына және жаңадан әзірленген «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына халықтың қалың жігін қатыстыру үшін жағдай қалыптастыру болып табылады. Бұдан бөлек, ел азаматтарының тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында тұрғын үй-жинақ жүйесін одан әрі дамыту шаралары қамтылып отыр. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада бюджеттік қаражат есебінен алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын беру азаматтардың белгілі бір санатына (жас отбасыларға, мемлектетік қызметкерлерге, бюджеттік ұйым мен кәсіпорын қызметкерлеріне) ғана қарастырылған болатын. Сондықтан да, заң жобасына сәйкес бұндай қарыздар халықтың кең тобына беріледі және қолданыстағы шектеулер алынып тасталады. Бұл ретте өзгеріс Қазақстанның барлық азаматтарын қамтитын болады», - дейді құжат бойынша баяндаған Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин.
Сонымен қатар, мерзімі өткеннен кейін салымшының мемлекеттің сыйақысын алуға құқы болатын, 5 жыл мерзімді 3 жылға дейін өзгерту көзделеді.