Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қаражат жинақтау мәдениетін қалыптастыру керек
Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысының мемлекеттік саясатын жетілдіру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Палата Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздегі тұрғын үй құрылысы саласын одан әрі дамыту барысында бұған дейін орын алған қаржылық-экономикалық дағдарыстың барлық сабақтары ескерілуі шарт. Осы дағдарыстың өзі еліміздегі тұрғын үй құрылысы саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіре түсу қажеттігін көрсетті», деді Төраға орынбасары.
Сонымен бірге, М. Көпей тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытындағы жаңа жүйенің - тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесінің Қазақстанның тұрғын үй құрылысы саясатының басым бағыттары болуы тиістігін атап өтті. «Сондықтан да, ең алдымен жұртшылық арасында тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қаражат жинақтау мәдениетін қалыптастыру керек», деді вице-спикер.