Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны бойынша Павлодар Астананы басып озды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны бойынша 49,7 пайыздық өсіммен Павлодар облысы бірінші орынға шықты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мəлім етті,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"2016 жылдың қаңтар-қараша айларында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 8,9 млн шаршы метрді құрап, 16,1 пайызға өсті. Салыстыра айтсақ, бұл 2015 жылдың жылдық көрсеткішімен тең. Жыл басынан бері 4,5 млн шаршы метр көппəтерлі үйлер, 4,4 млн шаршы метр жеке үйлер пайдалануға берілді",-деп мəлім етті Қ. Бишімбаев.
Ұлттық экономика министрінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бастап, қараша айына дейін мемлекеттің қаражаты есебінен 671,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
"Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны Павлодар облысында 49,7 пайызды, Ақмола облысында - 39,5 пайыз, ОҚО-да - 23,9 пайыз, Қызылорда облысында - 23,3 пайыз, Астанада 35,7 пайызды құрады",-деп хабарлады Қ.Бишімбаев.