Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында биыл 140 үй жөндеуден өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында биыл 140 үй жөндеуден өтеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» парламенттік фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті. Еске салайық, жиында еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту барысы талқыланған болатын.
Вице-министрдің айтуынша, 2011-2012 жылдар аралығында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына бюджеттен 17 млрд. 842 млн. теңге бөлінген. Осы қаражат бойынша 2013-2014 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуы тиіс болатын. 2014 жылғы 10 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар 17 млрд. 779 млн. теңгені игерген.
«Бүгінгі таңда күрделі жөндеуі жоспарланған 1 360 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 352-ісінде жұмыстар аяқталды, қалған 8 үйде жалғасуда. Ал 2014 жылы республикалық бюджеттен 11 млрд. 847,9 млн. теңге бөлініп, оған 698 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары белгіленген. Қазіргі таңда 140 үйде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды», - дейді Қ. Өскенбаев.
Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылғы 10 қазандағы жағдай бойынша қаражаттардың қайтарылуы 2 млрд. 659 млн. теңгені құрайды. Қайтарылған қаражаттар есебінен 105 тұрғын үй жөнделсе, соның ішінде ағымдағы жылы 24 үйге 315 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары жүзеге асқан.